Абай облысында жаңадан салынған облыстық сот ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілдері қатысты. Енді бірнеше сот инстанциясы заманауи талаптарға сай салынған арнайы кешенде жұмыс істейтін болады.
Салтанатты рәсім барысында Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасы Аслан Түкиев құттықтау сөз сөйлеп, сот жүйесінің дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Бұған дейін сот білім беру мақсатында салынған ғимаратта орналасқан еді. Бұл судьялар мен сот процесіне қатысушылар үшін бірқатар қолайсыздықтар туғызды. Енді жаңа, жеке тұрған ғимарат сот жұмысының тиімділігі мен рәсімдердің сапасына оң ықпал етеді. Мемлекет басшысы заң үстемдігі, әділдік пен адам құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан да, осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – соттардың жұмыс істеуіне қолайлы орта қалыптастыру, – деді Аслан Түкиев.
Өз кезегінде Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл жобаның өңір үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
Облыстық сот ғимаратының салынуы – өңірдің даму жолындағы тағы бір маңызды белес. Ел Президентінің үш жыл бұрынғы шешімімен Абай облысы қайта құрылғаны мәлім. Бұл – тарихи оқиға. Осы аз уақыт ішінде аймақта бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Соның бірі – жаңа сот ғимаратының бой көтеруі. Мемлекет басшысы сот жүйесін нығайтуға әрдайым қолдау білдіретінін айтып келеді, – деді өз сөзінде облыс басшысы.
Облыстық сот төрағасы Қайрат Чақпантаев айтуынша, құрылыс барысында заманауи технологиялық талаптарға ерекше мән берілген.
Жаңа ғимарат заманауи дизайнға сай салынып, озық ақпараттық технологиялармен жабдықталған. Ең басты мақсат – әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, – деді ол.
Рәсім соңында қонақтар жаңа нысанды аралап көрді. Ғимаратта фронт-офис, кең әрі жарық сот залдары, прокурорлар, адвокаттар мен медиаторларға арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Қауіпсіздік пен желдету жүйелері де жоғары деңгейде ұйымдастырылған.