Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жайлы талқыланды. Конференция аясында Абай облыстық мәслихатының депутаты Анжела Маслова «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» жобасының басталғаны жайлы атап өтті. Сонымен қатар, Семей қаласындағы дағдарыс орталығының директоры Назым Шакаеваның айтуынша 300-ден астам зардап шеккен адам нақты көмек алған.
Жобаның басты мақсаты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен күш көрсетуге қарсы күреске бағытталған кешенді шараларды біріктіру болып табылады.
Өкінішке орай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселе болып қалуда. Бұл мәселе біздің облысымызда да, жалпы республика бойынша да ерекше назар мен кешенді тәсілді талап етеді. Жобаның негізгі мақсаты – ақпараттық, психологиялық және құқықтық көмектің шынымен де мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз ету. Жобаның үйлестірушісі ретінде осы процесті толық бақылауда ұстап, іске асуына тікелей атсалысамын, – деді Анжела Маслова.
Спикердің айтуынша, жоба аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оны анықтау бойынша семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Бұл бағытта білім беру мекемелеріндегі психологтармен де жұмыс жүргізілетін болады.
Осы жылдың қараша айында гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы «16 күн белсенді әрекет» халықаралық акциясына орай облыстық конференция өтеді. Іс-шараға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 60 қатысушы шақырылады. Бұл жоба арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасырын түрлерінің алдын алып, қоғамның барлық өкілдерін осы мәселеге қарсы күреске тартамыз деп үміттенеміз, – деп атап өтті депутат.
Семей қаласының «Отбасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығы» КММ директоры Назым Шакаева ел аумағында дағдарыс орталықтарын ашу – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан арылудың нақты қадамы екенін атап өтті.
Бүгінде әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиі құрбанына айналуда. Бұл – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған дағдарыс орталықтары ашылуда. Қазіргі таңда елімізде 49 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. 2023 жылдың 25 тамызында Семей қаласында 25 орынға арналған орталық ашылды. Бұл орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған, зорлық-зомбылық қаупі бар әйелдер мен балаларға арналған. Орталықтың басты мақсаты – зардап шеккен аналар мен балаларға көмек көрсету, психологиялық және әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, – деді Назым Шакаева.
Орталық ашылғалы бері 151 отбасы (307 адам, соның ішінде 156 бала) көмек алған. Олардың қатарында Атырау облысынан, Шығыс Қазақстан облысынан, Жарма, Мақаншы, Бесқарағай, Шемонаиха аудандарынан, Қарабұлак және Канонерка ауылдарынан келгендер бар.
Басқа өңірлерден келген әйелдер мен балалардың денсаулығын толық тексеру үшін медициналық мекемелерге тіркейміз. Сонымен қатар, жалғызбасты аналарды мемлекеттік бағдарламаларға тіркеу бойынша жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деп түйіндеді орталық басшысы.
Спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында мемлекет, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, жобаға барынша ақпараттық қолдау көрсетуді барлық деңгейде қамтамасыз етуге шақырды.