• 17 апреля, 2025

Абай мұрасы – ұлт байлығы

Апр 15, 2025

Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Қалалық орталық кітапханада қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай мұрасы – ұлт байлығы» атты әдеби сағат өтті.

Әдеби-танымдық іс-шараға «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайының меңгерушісі Қуат Қиықбай мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері қатысты.

Кітапхана қызметкері Абайдың қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы екенін айта келе, оның шығармалары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына екенін атап өтті. Шара барысында қатысушылар Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасымен жан-жақты танысты.

Шара қонағы Қуат Қиықбай Абай мұрасы – халқымыздың даналық пен парасатқа толы рухани байлығы екенін айта келе, ақынның бірқатар шығармаларына тоқталды. Ол Абайдың терең философиялық толғамдары мен ұлттық дүниетанымды арқау еткен ойларын тарқатып, тыңдаушыларға ақынның көркемдік әлемін кеңінен танытты. Сонымен қатар, Абай шығармаларында қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары кеңінен көрініс тапқаны айтылды.

Іс-шара барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтар қойып, мазмұнды жауаптар алды. Сондай-ақ, Абайдың өмір жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, «Әлем таныған Абай» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Кітапхана қызметкері шара соңында: «Абайдың 180 жылдығы – тек ақынның ғана емес, барша қазақ халқының рухани жаңғыруының бір көрінісі. Бұл мерейтой – оның терең философиясын қазіргі заман тұрғысынан қайта саралап, ұрпақ санасына сіңіруге үлкен мүмкіндік», – деп түйіндеді.

Абай мұрасын ұлықтау – ел болашағына рухани негіз қалаудың бір жолы. Мұндай тағылымды шаралар жастардың рухани дүниесін байытып, елдік санасын арттыра түсері сөзсіз.