• 12 апреля, 2025

Облыс әкімі Қайнар ауылындағы сенбілікке қатысты

Апр 12, 2025

Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапары аясында Қайнар ауылындағы сенбілікке қатысты. Аймақ басшысы елді мекен тұрғындарымен бірге спорттық сауықтыру кешенінің алдындағы алаңқайға шырша көшеттерін отырғызды.

Айта кетейік, аймақта 5 сәуірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімінің бастамасымен жалпыөңірлік тазалық акциясы басталған болатын. Өткен аптада
облыс орталығында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке 12 мыңнан астам адам қатысты.

Ал облыс бойынша тазалық акциясына 21 мыңға тарта тұрғын атсалысып, 749 ұйым мен 338 техника жұмылдырылды. Облыс әкімі тазалық акциясы жыл бойы жалғасатынын атап өтті.

Өткен аптада Семей қаласындағы сенбілікке қатыстым. Бүгін, міне, қаладан 300 шақырым жердегі,
бұрын аудан орталығы болған Қайнар ауылына арнайы келіп, өздеріңізбен бірге ағаш көшеттерін отырғыздым. Шалғайда жатқан елді мекеннің тазалыққа, тәртіпке ден қойып отырғаны қуантады. Тазалық акциясы әр ауылда, әр ауданда, әр қалада осылай өтетін болса, өңіріміздің көрікті болары сөзсіз, — деді аймақ басшысы.

Сенбілікке қатысқан ауыл тұрғындары жалпыөңірлік тазалық акциясының облыс үшін маңызды бастама екенін айтты.

Тазалық барлығымызға ортақ міндет қой. Өткен аптада тұрғындарға жолдаған бейнеүндеуіңізді көрдік. Бастаманың халықтың қызу қолдауына ие болғанын байқап отырмыз. Құрметті Берік Уәлиұлы, бүгін өзіңіз ауылдағы сенбілікке арнайы қатысып жатырсыз.
Бұл — барлығымызға үлгі. Облыстың барлық тұрғындарын бастаманы қолдап, өңірімізді таза ұстауға шақырамын, — деді ауыл тұрғыны Сембай Наурызбаев.