• 18 апреля, 2025

Семейде қоғамдағы бірлік пен келісімнің рөлі талқыланды

Еліміздің болашағына арналған жиынның негізгі мақсаты – қазіргі қоғамдағы бірлік пен келісім құндылықтарының маңызын терең ұғыну және Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айқындаған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосу болды.

Іс-шараны Абай облысы «Қоғамдық келісім орталығы – Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Кездесуге орталық қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, жас ғалымдар клубы мен журналистер клубының өкілдері, сондай-ақ құрметті ақсақалдар қатысты.

Жиынды ашқан ұйымдастырушылар мұндай шаралардың қоғамда өзара түсіністік, құрмет пен төзімділікті қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды. Абай облысы Ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының және этносаралық қатынастарды мониторингілеу бөлімінің басшысы Мағжан Құрманов дөңгелек үстел – пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға арналған тиімді алаң екенін атап өтті.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған байланысты республика көлемінде бірқатар іс-шаралар өткізілмек. Сондай-ақ, сәуір айының соңында Мемлекет басшысының төрағалығымен ҚХА сессиясы өтеді. Баршаңызды бүгінгі жиынмен құттықтап, нәтижелі жұмыс тілеймін, – деді Мағжан Құрманов.

Кездесу барысында қатысушылар аға буынның жастар тәрбиесіндегі тарихи рөлі, қоғамда төзімділікті нығайту жолдары және жас ғалымдардың болашағы жайлы пікір алмасты. Alikhan Bokeikhan университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов өзара құрметсіз тұрақты әрі бейбіт қоғам құру мүмкін еместігін айтты.

Бәрінің негізі – сенім мен құрмет. Бірліктің де мәні зор, өйткені ол көп жағдайда шешуші рөл атқарады. Адамды бағалағанда біз оның ұлтына немесе сырт бейнесіне емес, ең алдымен оның тұлғалық қасиеттеріне қарап баға беруіміз керек. Міне, осы – толеранттылықтың шынайы көрінісі, – деді Айрат Базенов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Алексей Кливенко өз баяндамасында жастар – жас мемлекетіміздің үміт күттіретін ғылымының басты қозғаушы күші екенін жеткізді.

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент ІТ мен инновация салаларындағы білім сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесі жаһандық жүйеге бейімделген. Студенттер тек елімізде ғана емес, шетелде де академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім ала алады. Сіздердің міндеттеріңіз – білім алу, ғылыммен айналысу және берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, – деді Алексей Кливенко.

Кездесу соңында қатысушылар бір тұжырымға келді: өткеннің тағылымы, тарихи жады, биікке ұмтылыс – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын құндылықтар. Осындай сабақтастық қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың негізін қалайды.

Жиын мазмұнды әрі пайдалы өтті. Қатысушылар мұндай шаралар қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық үйлесімділікті нығайтуға септігін тигізетінін, сондай-ақ жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім саясатын іске асырудың тиімді тетігі екенін атап өтті.