Абай облысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 48 әлеуметтік нысанның жобалау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 11-і меморандум аясында жүзеге асса, 37 жоба бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуда.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов мәлімдеді.
Биыл облыс аумағында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында 48 жаңа нысан салынады. Оның 21-і – денсаулық сақтау, 12-сі – спорт, 9-ы – мәдениет, 4-еуі – білім беру, 2-еуі – әлеуметтік қамтамасыз ету саласына тиесілі. Бұл нысандар өңір тұрғындары үшін маңызды қызметтерді қолжетімді етіп, өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Осы орайда, денсаулық сақтау саласында 21 нысанның құрылысы жоспарланған. Облыс орталығы мен аудандарда алғашқы медициналық көмек көрсету орталықтары, көпбейінді ауруханалар мен жедел жәрдем инфрақұрылымы жаңартылуда, – деді Шыңғыс Риаханов.
Спикердің айтуынша , Жаңасемей ауданында 14 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы бой көтереді. Семейде 300 орындық екі емхана, жедел жәрдем қосалқы станциясы, көпсалалы балалар ауруханасы мен облыстық аурухана салынады.Сондай-ақ, білім беру саласында да 4 маңызды нысан салынбақ. Бүгінде жобалау жұмыстары аяқталуға жақын.
Биыл Қарауыл ауылында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының 200 орындық интернаты мен Ақтоғай кентінде жаңа балабақша салу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Үржар ауылында 240 орындық балабақша және Қарағайлы шағын ауданында 400 орындық «Білім-инновация» лицейінің құрылысы басталады. Бұл нысандар балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартады, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта өтсек, өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында 12 спорт нысаны бой көтермек. Ойшілік, Науалы, Преображенка, Новопокровка, Екпін, Құмкөл және Бақты ауылдарында жаңа спорттық модульдер салынады. Сонымен қатар, мәдениет саласында 9 ірі жоба жүзеге асырылуда. Жаңа мәдениет орталықтары мен ауылдық клубтар салынып, бірқатар нысан жаңғыртудан өтеді. Басқарма басшысының айтуынша , Семейде заманауи конгресс-холл, Үржарда Мәдениет сарайы, Қаратұмада Мәдениет үйі бой көтереді. Бұдан бөлек, Толағай, Көкжыра және Мамай ауылдарында ауылдық клубтар, ал Коростели мен Көктекерде мәдениет үйлері жаңғыртылмақ.