Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Наурызнама» онкүндігі аясында Семей қаласында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні кең көлемде аталып өтті. Қалалық Мәдениет сарайында өткен бұл шара қоғам қайраткерлерін, шығармашылық ұжымдарды, этномәдени бірлестіктерді, сондай-ақ халық өнерінің шеберлерін бір арнаға тоғыстырып, ұлттық мәдениеттің бай мұрасын дәріптеуге арналды.
Мерекелік күннің басты мақсаты – дәстүрлі білімді жас ұрпаққа жеткізу, мәдени мұраны насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қазақ халқының ғасырлар бойғы салт-дәстүрлерін сақтау мен жаңғыртуға ерекше ықпал етеді.
«Айша Бибі» ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Айман Боқпасарова ата-бабалардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдени құндылықтарын сақтау жастар үшін маңызды екенін атап өтті.
Наурыз қарсаңында елімізде «Наурызнама» онкүндігі өтуде. Оның әр күніне арнайы тақырып белгіленген. Бүгінгі Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – жай ғана мерекелік шара емес, бұл төл мәдениетімізді тереңірек зерттеу мен дәріптеу күні. Әсіресе жастар үшін маңызы зор. Бүгінгі шараға этномәдени бірлестіктер де белсенді қатысып, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Біз жас ұрпақты ұлттық тәрбиеге баулуға ерекше көңіл бөлеміз. Оларға өткеніміз туралы мол мағлұмат беріп, болашақта осы білімді өз балаларына жеткізуге үйрету – басты міндетіміз, – деді Айман Боқпасарова.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Бахатова да Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналған іс-шаралардың облыс көлемінде жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтты.
Бұл мерекенің маңызы ерекше. Себебі біз тек бүгін ғана емес, әрдайым ұрпақтар сабақтастығына, халқымыздың ғасырлар бойғы даналығына ерекше мән береміз. Бүгін қалада және облыс көлемінде дәстүрлерге қатысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қалалық Мәдениет сарайында қазақтың қолөнері, айтыс, ұлттық ән-күй, ұлттық киімдер сынды мәдени құндылықтарымыздың көріністерін тамашалауға болады. Мұның барлығы қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің айқын бейнесі, – деп атап өтті Маржан Бахатова.
Іс-шара аясында әншілер мен бишілер өз өнерлерін ортаға салып, халық өнерінің шеберлері ұлттық өнерді дәріптеді. Сонымен қатар дәстүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар қазақ халқының мәдени мұрасымен етене танысуға мүмкіндік алды.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні Наурыз мерекесінің ажырамас бөлігіне айналып, ұлттық сана-сезімді нығайту мен қазақ мәдениетін дәріптеуге зор үлес қосты.