Адал ұрпақ тәрбиелеу – қай уақытта болса да өз маңыздылығын жоғалтпаған мәселе. Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттің бірі. Адалдық туралы айтқан кезде, ойымызға бірден шыншылдық, айнымастық, әділдік сияқты ұғымдар келеді. Қазақ халқы адам бойындағы адалдық – ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді, тағы басқа асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады деп пайымдайды.
Әділетті қоғамды орнату үшін алдымен адам адал болуы керек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Адал азамат» идеясын айтып, елімізде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру қажеттігін атап өткен еді. Бүгінгі Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде де Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын тағы да еске салды.
«Бір адамның адалдығы қоғамға аздық етеді. Бүкіл қоғам әділетті болса, заң үстемдік құрады…» — деген мемлекет басшысының айтқан мағыналы ойы бүгінгі таңда Шәкәрім университетінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты негізінде нормативтік-құқықтық сипаттағы құжаттар қабылданып, сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу жұмыстарының жоспары құрастырылған. Университет профессорлық-оқытушылық құрамның, қызметкерлердің және білім алушылардың құқықтық мәдениетінің деңгейінің артуына ерекше назар аударады. Бұл бағыттағы атқарылатын іс-шаралардың ауқымы кең. Әрбір жаңа оқу жылы адалдық, парасаттылық дәрістерімен басталады. Жұмысқа жаңа қабылданған оқытушылар мен қызметкерлерге жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік танытудың маңыздылығы баста назарда екендігі түсіндіріледі.
Мемлекет басшысы айтқан отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеуде Шәкәрім университетінің үлесі зор.
Бүгінгі Шәкәрім жастары сыбайлас жемқорлықпен күресуде өте белсенді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыруда университетте бүгінгі заман талаптарына сай, әр түрлі нысанда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Шешімдердің алқалы қабылдануы, академиялық қызметтердің цифрландырылуы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасының құрылуы, осы бағытта арнайы мониторингтің жүргізілуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының қабылдануы, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу, «Адалдық сағаттардың» өткізілуі — адал ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істер. Университетте «Саналы ұрпақ» студенттер қауымдастығы жұмыс атқарады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен пен адалдық ар үшін жи, — деген өсиетін Шәкәрім университетінің жастары берік ұстанады.
Адалдық — азаматтардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет. Біреудің бойынан адалдықты іздемес бұрын, бірінші осы керемет қасиетті әрқайсымыз өз бойымызда қалыптастырып, өзімізге адал болу арқылы ғана әділетті қоғам құра алатынымызды дұрыс түсіне білуіміз қажет.