• 14 марта, 2025

Қос қала Амал мерекесінде көрісті

Мар 14, 2025

Көрісу күні – береке мен бірліктің, татулық пен ізгіліктің мерекесі. Бұл күн – адамдардың бір-бірімен көрісіп, жақсылық тілейтін, сыйластықты дәріптейтін ерекше күн. Осы орайда, Семей қаласына Павлодар қаласынан арнайы делегация келіп, өз өнерлерін паш етіп, мерекелік шараның көркін аша түсті.

Аталмыш шараға Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева, Павлодар қалалық Мәслихат төрағасы Қобланбек Қожин, қоғам белсенділері мен өнерпаздар келді. Семей қаласы атынан қала әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев, қалалық Мәслихат төрағасы Айболат Бекжасаров және қоғам қайраткерлері қатысып, құрметті қонақтарды құшақ жая қарсы алды.

Семей мен Павлодар – бір өзен бойында орналасқан, тарихы тамырлас, мәдениеті мен экономикасы тығыз байланысқан қос қала. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан қарым-қатынас, ортақ құндылықтар біріктіреді. Бүгінгі мерекелік күн баршамызға береке мен амандық әкелсін! Қонақжай шаһарымызға қош келдіңіздер! — деді Қуаныш Әбілдаев өз сөзінде.

Мерекелік жиын аясында Семей қаласының қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қос қаланың өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Кездесу барысында екі тарап ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпатпен алмасты. Бұл жүздесу – қос қаланың рухани байланысын арттырып, бауырмалдықтың жарқын үлгісін көрсете білді.

Еске сала кетейік, іс-шара Семей мен Павлодар арасындағы 2024 жылы жасалған ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Көрісу күні құтты болсын! Әр шаңыраққа ынтымақ пен ырыс, амандық пен береке тілейміз!