Ақсуат ауданында 9 ауылдық округ болса, оның 8-інде қауіпі бар. Осыған орай, биыл су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров мәлімдеді.
Биыл ауданымызда су тасқынына қарсы бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Олардың қатарында Көкжыра-Серіктес автожолындағы көпірдің жөндеу жұмыстары, Құмкөл ауылына кіреберіс жолдағы көпірдің жаңартылуы және су арналарының тазартылуы басты назарда. Сондай-ақ, Қызылкесік ауылында су арналары қазылып, Қарағанды-Аягөз-Боғас-Кіндікті автожолындағы көпірдің жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды,-деп атап өтті аудан әкімі.
Спикердің айтуынша, Үштөбе және Кіндікті ауылдары маңындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлер жаңартылып, тұрғындар су тасқыны жағдайында эвакуациялау пункттерімен таныстырылды. Сонымен қатар, арнайы материалдар дайындалып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін барлық шаралар қабылданған.
Аудан бюджетінен арнайы техника сатып алу жоспарда бар. Атап айтсақ, автогрейдер, погрузчик, самосвал және қар тазалағыш құрылғыларға тапсырыс бердік. Бұл техникалар су тасқынының алдын алу мен табиғи апаттарға дер кезінде көмек көрсету үшін маңызды рөл атқарады,-деп түйіндеді Ерсін Ескендіров .