Абай облысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес шаралары күшейтілді. Жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, енді құқық қорғау органдары зорлық-зомбылық фактілері бойынша жәбірленушінің арызысыз да шара қолдана алады. Тек екі айдың ішінде 100-ден астам адам әкімшілік қамауға алынып, 183 құқық бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте отбасылық зорлық-зомбылықтың ең ауыр салдарының бірі – балалардың психологиялық күйзеліске ұшырауы екенін атап өтті.
Бұл жағдай бізді ерекше алаңдатады. Бала үшін үй – қорғаныш орны болуы тиіс, ал зорлық-зомбылық оның өмірін қорқыныш пен күйзеліске толтырады. Балалық шақта көрген қатігездік адамның бүкіл өміріне әсер етіп, оны болашақта немесе құрбан, немесе агрессор етіп қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан да қоғам бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Егер сіз зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз – оны елемей қоймаңыз! Сіздің сөзіңіз бен әрекетіңіз біреудің өмірін құтқаруы мүмкін, – деп атап өтті Елдос Закимов.
Абай облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асет Үтепов заңнаманы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Бұрын тергеу жүргізу үшін жәбірленушінің арызы талап етілсе,енді зорлық-зомбылықтың болғанын растайтын кез келген мәлімет негіз бола алады. Бұл құқық қорғау органдарына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар нәтижесінде екі ай ішінде 100-ден астам адам әкімшілік қамауға алынды, – деді Асет Үтепов.
Құқық бұзушыларға қатысты жаза қатаңдатылды. Абай облысы Полиция департаментінің Анықтау басқармасының бастығы Талғат Еліковтың айтуынша, қазіргі заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтті.
Денеге жеңіл жарақат салу немесе физикалық ауырсыну тудыратын әрекеттер үшін құқық бұзушы 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі, түзеу жұмыстарына тартылуы, 25 тәулікке дейін қамауға алынуы немесе қоғамдық жұмыстарға міндеттелуі мүмкін. Жаңа шаралар енгізілгеннен бері Абай облысында 183 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Талғат Еліков.
Сонымен қатар, алкогольді тұтынуға сот тыйымын салу тәжірибесі жалғасуда. Бұл әдіс бірнеше рет құқық бұзған тұлғаларды қайта қылмыс жасаудан сақтандыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда 82 арнайы талап белгіленді, оның ішінде 75 жағдай құқық бұзушыларға алкоголь тұтынуға тыйым салуға қатысты, – деді Асет Үтепов.
Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мақсатында арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істеуде.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен Семей қаласында 25 орындық екі дағдарыс орталығы ашылды. Орталықтарда зардап шеккендерге психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Олар 30 күн бойы толық қамтумен тұру мүмкіндігіне ие, – деп түйіндеді Талғат Еліков.
Полиция азаматтарды, әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарлауға шақырады. Құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны түбегейлі жою бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.