• 4 марта, 2025

Абай облысында туризмді дамыту: жаңа мүмкіндіктер

Мар 4, 2025

Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөніндегі кеңесте саланың экономиканың маңызды драйвері және инвестициялар үшін перспективалы бағыт екенін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Абай облысында туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Бұл бастамалар айтарлықтай нәтижелер беруде. Сондай-ақ, облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен өңірде туризм басқармасы құрылады. Негізгі мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін одан әрі дамыту.

2024 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша өңірге 225,8 мың турист келді, олардың 2 949-ы шетелдік қонақтар. Облыста 6 582 орындық 321 орналастыру нысаны жұмыс істейді, ал көрсетілген қызметтердің көлемі 4,8 млрд теңгені құрады. Туризм саласына 12,9 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 3 млрд теңгесі жеке капитал есебінен.

Туризмді дамыту – бұл тек экономикалық өсім ғана емес, өңірдің бірегей табиғи және мәдени әлеуетін ашудың негізгі мүмкіндігі. Біз инфрақұрылым мен сервисті жетілдіре отырып, қонақтар мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов.

Абай облысы тарихи-мәдени, киелі орындарға, экологиялық, жағажай және шекаралық туризм бағыттары бойынша зор әлеуетке ие. Республикалық деңгейдегі Туристендіру картасына «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Алакөл көлінің жағалауы енгізілді. Ал өңірлік деңгейде Шошқалы көлі, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені және «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы маңызды туристік нысандар қатарында. Бұл орындар қазақстандықтар мен шетелдік саяхатшылардың назарын аударып келеді.

Сондай-ақ, Семейде дәстүрлі мәдениетті дәріптейтін «Этноауыл» жобасы іске асуда. Бейбітшілік аралындағы балалар теміржолының қайта жаңғыртылуы қаладағы отбасылық демалыс үшін таптырмас орынға айналды.

Туризм саласында тек мәдени және табиғи нысандармен шектелмейді, сонымен қатар жаңа бағыттар да назарда. Мысалы, Курчатов қаласы ғылыми-танымдық және «dark» туризм орталығына айналып келеді. Семей ядролық полигоны аумағында экскурсияларды лицензиялау жұмыстары жүргізілуде, бұл ядролық сынақтар тарихына қызығушылық танытатын туристерді тартуға мүмкіндік береді.

Абай облысы – бірегей туристік әлеуетке ие өңір. Біз жаңа бағыттар әзірлеу арқылы бұл мүмкіндікті толық пайдалануға тырысамыз. Әсіресе экологиялық туризмге ерекше көңіл бөлінуде. «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ұзындығы 40 метрден асатын «Көлденең» сарқырамасын қоса алғанда туристік демалыс орындары құрылуда, – деді Қуаныш Сүлейменов.

Шетелдік туристерді арттыруға Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім ықпал етуде. 2024 жылдың тамызында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы делегациясымен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кездесу өтті. Желтоқсан айында «Бақты» өткізу пункті ашылып, бұл екі ел арасындағы қатынасты айтарлықтай жеңілдетті. Сонымен қатар, облыс өз туристік әлеуетін халықаралық көрмелер мен форумдарда, оның ішінде VIII Қытай-Еуразия EXPO көрмесінде және Қазақстан-Қытай өңіраралық ынтымақтастық форумында белсенді түрде дамытуда.

Сондай-ақ, емдік қасиеттерімен танымал Шошқалы көлінің туристік орын ретіндегі дамуы жалғасуда. Облыс әкімдігі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесін Туристендіру картасына енгізу туралы ҚР Туризм және спорт министрлігіне сұраныс жолдады.

Алакөл көлінің жағалауында туристік ақпараттық орталық – «TOURIST INFO» жұмыс істейді, онда қонақтар тегін брошюралар, карталар және анықтамалық материалдар ала алады. Демалыс аймағының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде жаз мезгілінде тұрақты отынмен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Туристердің жайлылығы үшін QR-код арқылы қолжетімді интерактивті гид әзірленіп, сондай-ақ шетелдік қонақтардың миграциялық есебін жеңілдететін «eQonaq» жүйесі енгізілуде.

Осылайша, Абай облысы Қазақстанның негізгі туристік орталықтарының біріне айналып келеді. Инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы өңірдің туристік әлеуеті артып, экономикалық өсім мен халықаралық беделінің көтерілуіне ықпал етуде.