Инвестиция тарту – Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі. Аудан басшылығы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, шикізатты терең өңдеуге және қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге ерекше көңіл бөлуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Мейіржан Смағұлов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Абай ауданында инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл бағытта агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысымен өзара әріптестік орнатылды. Аудан делегациясы Петропавл қаласына барып, өндірістік кәсіпорындардың қызметімен танысып, шикізатты терең өңдеу және өнімді өткізу нарықтарын кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, ауданда қалдықсыз өндіріс жүйесі бар ет комбинатын ашу бойынша инвестор тартылды. Бұдан бөлек, басқа да инвестициялық жобалар әзірленуде, – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, Абай ауданы инвесторларға қолайлы бизнес-орта қалыптастыруға мүдделі. Жергілікті билік бизнеске қажетті инфрақұрылым мен қолдау шараларын ұсынуға дайын.