Ауқымды шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Өскемен және Семей қалаларынан келген еліміздің 19 жетекші жоғары оқу орны мен Семейден 4 колледж қатысып отыр.
Көрменің басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге жоғары білім беру мүмкіндіктері туралы кең ақпарат ұсыну, кәсіби бағдар беру және жетекші оқу орындарымен тікелей байланыс орнату.
Абай облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен өтіп жатқан көрме екі күнге созылады. Көрменің ұйымдастырушысы – Vipusknik.kz республикалық интернет-порталы.
Көрменің ашылуында Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев оқу орны өкілдеріне алғыс білдіріп, білім көрмесінің маңыздылығына тоқталды. Қатысушы жетекші жоғары оқу орнының өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.
Бұл көрме – түлектерге өз болашағын дұрыс жоспарлауға, еліміздің үздік жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерімен танысуға берілген бірегей мүмкіндік. Мұндай бастамалар аймақтағы білім сапасын арттыруға, талапкерлердің кәсіби бағдарын айқындауға зор үлес қосады, — деді Жасұлан Сәрсебаев.
Көрме барысында талапкерлер университет өкілдерімен кездесіп, оқу бағдарламалары, мамандықтар және қабылдау шарттары туралы ақпарат алады. Сондай-ақ Семей қаласының 59 мектебінен 9 мыңға жуық оқушының қатысуы жоспарланған. Бұдан бөлек, облыстың 100 аудан мектебінің оқушыларына арналған Zoom конференциясы ұйымдастырылып, 10 500-ден астам түлектің қатысуына мүмкіндік беріледі.