Абай облысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту және халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Дәулетқалиев мәлімдеді.
Өңірде мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 3810 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 299 қызметкерге артты. Қызметкерлердің 89%-ы жоғары білімді, ал 42-і шетелдік оқу орындарын тәмамдағанын ескере отырып, орташа еңбек өтілі 9,8 жылды, ал орташа жас көрсеткіші 43 екені айқындалды. Сонымен қатар, кадрлық резервті нығайту мақсатында төрт резервші жоғары лауазымға тағайындалып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында алты мемлекеттік қызметшіге көтерме жәрдемақы беріліп, конкурстан тыс тікелей тағайындалған түлектердің саны 16-ға жетті, — деп атап өтті департамент басшысы.
Өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңес 8 отырыс өткізіп, 31 мәселені қарады. Нәтижесінде 7 тәртіптік іс тергеліп, 6 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылған.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың орындалуын бақылау мақсатында өткен жылы 64 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 7,5 миллион теңге көлемінде заңсыз төленген сыйақы анықталып, бюджетке қайтарылды, – деді Нұрлан Дәулетқалиев.
Халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және бюрократиялық кедергілерді азайту мақсатында жүргізілген 55 тексеру барысында 6840 заңбұзушылық анықталып, қызмет көрсету ережелерін бұзғаны үшін 9 лауазымды тұлғаға жалпы көлемі 443 040 теңге айыппұл салынған.
Мемлекеттік қызметке іріктеу процесі жаңғыртылып, 1 шілдеден бастап тестілеу тәулік бойы онлайн форматта қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда кадрлық процестерді автоматтандыру мақсатында «Бірыңғай кадр жүйесі» кезең-кезеңімен енгізілуде, – деді спикер.
Нұрлан Дәулетқалиевтің айтуынша, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған бұл өзгерістер әкімшілік кедергілерді азайтып, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Фото: Chat GPT/ Дінмұхамед Бейсембаев