Мемлекет үшін балалардың амандығы мен құқықтарының қорғалуы – басты басымдықтардың бірі. Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалардың құқықтарын қорғау және оларға қажетті жағдай жасау бағытында ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау мақсатында бірнеше маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуіне мүмкіндік беретін тәлімгерлер институты құрылды.
Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылдан бастап аудан мектептерінде QR-кодтар енгізілді. Бұл QR-кодтар арқылы балалар республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласа алады. Балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдердің жұмысы да күшейтілді, қорғаншылық органдарының қызметі жүйеленіп, штаттық норматив бекітілді.
Ауданымызда бүгінгі таңда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім 20 бала отбасылық тәрбиеде өсіп жатыр. Ал 2025 жылдан бастап елімізде отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылардың жұмысы басталмақ. Бұл бастама қиын жағдайға тап болған балаларға қамқорлық жасап, оларды үй жағдайында тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болмақ. Ауданымызда білім беру саласында да көптеген жетістіктер бар. 2024-2025 оқу жылында 683 бала мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылды. Білім беру мекемелерінің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, 18 нысан бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, Жедел басқару орталықтарына қосылды. Барлық мектептерде дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, 1 мектепте лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді. Мемлекет өскелең ұрпаққа тең мүмкіндік беру саясатын жалғастырып келеді. Ауданымызда 913 оқушы тегін тамақпен қамтылып, 631 бала мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. «Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен бұл мақсаттарға 194,1 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, 1050 бала қосымша білім беру курстарына, үйірмелер мен секцияларға қатысып, шығармашылықтарын дамытуда, — Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Максат Суйесинов деп айтты.
Балалардың құқықтарын қорғау және мектептерде достық қарым-қатынас орнату үшін Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Буллингке қарсы бұл жобалар оқушылар арасында сыйластық пен ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі. Бұған қоса, барлық білім беру мекемелерінде балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары өткізілуде.
Отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастырып, баланың жан-жақты дамуына ықпал етуді мақсат етеді.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы – болашақтың іргетасы. Бүгінгі ұрпаққа қамқорлық жасау арқылы біз қауіпсіз, мейірімді және дамыған қоғам құрудамыз. Бұл – әр баланың жарқын болашағы үшін жасалған маңызды қадамдар.