• 26 января, 2025

Балалардың болашағы – ел болашағы

Янв 26, 2025

Қазақстан халқының үштен бірін балалар құрайды. Бүгінде елімізде 6,8 миллион бала бар. Бала – біздің болашағымыз, елдің ертеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс», – деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда Абай облысы Жаңасемей ауданында балалардың құқықтарын қорғауға, сапалы білім беруге және олардың дамуына жан-жақты жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Бүгінгі таңда Жаңасемей ауданында 18 жасқа дейінгі балалар саны 3 876 құраса, оның ішінде 0-6 жас аралығындағы 1 112 бала бар екен. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін 10 көпбалалы отбасыға мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындалып, 82 балаға қосымша төлемдер төленген болатын. Сонымен қатар, 1,5 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы ретінде, 220 жұмыс істейтін анаға және 68 жұмыс істемейтін анаға көмек көрсетіліп келеді.

Өткен жылы аудандағы 13 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол үшін 73,5 млн теңге қаражат қарастырылған болатын. Ал биыл “Түрксіб” және “Приречное” мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісінше 86,4 млн және 116,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Екі мектеп те толық реновациядан өтіп, STEM, физика, химия кабинеттері ашылады. Сондай-ақ, заманауи құралдармен толығымен толықтырылады деп жоспарлануда, — деді аудан әкімінің орынбасары Самат Омарғазин.

2025-2027 жылдарға арналған жоспар бойынша, реновацияға 9 мектеп еніп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Аудандағы мектептер компьютерлік сыныптармен және интерактивті тақталармен жабдықталған. Барлық мектептер интернетке қосылған. 2025 жылы Шақаман мектебіне заманауи Starlink жүйесін орнату жоспарлануда.

Инклюзивті білім беру жүйесі ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аудан бойынша 54 оқушы қамтылған. Оның ішінде 14 бала арнайы үй жағдайында білім алуда.Өткен жылы Озерки ауылында 70 орындық жеке балабақша ашылды. Қайнар мен Приречный ауылдарында 60 орындық балабақшалар ашу көзделіп отыр.
Ауданда 1144 бала спорттық үйірмелер мен секцияларға қатысып, (футбол, волейбол, дзюдо) сынды спорт түрлерімен шұғылдануда. Сонымен қатар, 1271 бала шығармашылық үйірмелерге қатысып, өнер мен білімін шыңдауда. IT-үйірмелер ауданның 4 мектебінде жұмыс істейді. Ал STEM кабинеттері оқушыларды “жаратылыстану”бағытында дамытуға мүмкіндік береді, — деп ойымен бөлісті аудан әкімінің орынбарасы.

2024 жылы Жаңасемей ауданының оқушылары 115 жүлделі орынға ие болған болатын. Оның ішінде облыстық жарыстарда – 52, республикалық деңгейде – 50, ал халықаралық сайыстарда 13 орын бар.
Алдағы уақытта мектептерді жаңғырту, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинеттер ашу, кітапхана қорын толықтыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдау жұмыстары жалғасын табатын болады.