Абай облысында балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған ауқымды реформалар мен бастамалар іске асырылуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір баланың бақыты және қауіпсіздігі үшін жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Осыған байланысты бүгінгі таңда балалардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалық және стратегиялық шаралар іске асырылуда.
Балалар халқымыздың үштен бірін яғни, 6,8 миллион адамды құрайтындығын ескере отырып, мемлекет олардың құқықтарын қорғауға, әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай күш салуда. Қабылданған үш Заң ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеуге бағытталған.
Мәселен, 2024 жылғы ақпанда «Бала құқықтары туралы» Заңға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институт енгізуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Абай облысында мұндай балаларды кәсіби бағдарлауға, әлеуметтендіруге және бос уақытын ұйымдастыруға жәрдемдесетін 5 жеке және 7 корпоративтік тәлімгер көмек көрсетеді. Желтоқсан айында «кәсіби қабылдаушы отбасы» институтын енгізетін Заң қабылданды. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды үйде тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Ал кәсіби ата-аналарға әр бала үшін 10 АЕК — тен 70 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Ал шұғыл көмек көрсететін «111» байланыс орталығының жұмысы заңнамалық деңгейде бекітілді. Қысым көрсетуге әкімшілік жауапкершілік енгізіліп, балаларды қоғамдық көліктен түсіруге тыйым салынды.
2026-2027 оқу жылынан бастап жекеменшік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға тамақ және оқу құралдары тегін беріле бастайды. Абай облысында қорғаншылық және қамқоршылық бойынша 22 маман жұмыс істейді. Алайда қосымша 15 маман қажет.
2024 жылдың ақпан айынан бастап өңірде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған «Мейірім» акциясы өткізілуде. Бүгінгі таңда 222 бала мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға бекітіліп, 144 баланың шотына 37 млн теңгеден астам қаражат аударылды, — деп атап өтті Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев.
Абай облысында балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 92,4% -. құрады. 11 мыңнан астам бала білім беру мекемелері және өзге де шығармашылық үйірмелерде, сондай — ақ 6 мыңнан астам бала спорт секцияларында өз қалаулары бойынша айналысады. 309 жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды сабақтан тыс уақытта қамту 50 666 оқушыны құрады (49,3%): 1129 үйірмеде 20773 бала (20,3%), 1760 спорт секцияларында 29 893 бала (29%) қамтылды. Әскери-патриоттық тәрбиені дамыту үшін өңірде 234 клуб және 59 «Жас сарбаз» сыныптары жұмыс істейді. Экологиялық клубтар, сондай-ақ мектеп мұражайлары мен өлкетану жасақтары белсенді жұмыс істейді. 2024 жылдың жазғы кезеңінде 12 сауықтыру лагері 5 мыңнан астам баланы қабылдады. Қала сыртындағы лагерьлердің жетіспеушілігін жою үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың Кешенді жоспары шеңберінде Кеңгірбай ауылында жаңа лагерь құрылысы жүргізілуде.
Өңірдің барлық білім беру мекемелері бейнебақылау камералары, дабыл түймелері және турникет сынды заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылу аясында 23 мыңнан астам камера орнатылды. Өңірде отбасы мен балаларды қолдау орталықтары құрылды. Онда психологтар, әлеуметтік педагогтар және қамқоршылық органдарының қызметкерлері жұмыс істейді. Қосымша білім беру үшін ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерін пайдалану ұйымдастырылды. 2024 жылы 113 өтініш бойынша көмек көрсетіліп, олардың әрқайсысы жедел шешілді, — деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.
Аймақта бір жылда буллинг, нашақорлықтың және экстремизмнің алдын алу бойынша мыңнан астам іс-шаралар өткізілді. 2024 жылдың тамыз айында облыс мамандары үшін балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды.
Бір сөзбен айтқанда, Абай облысында әр балаға қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жалғасуда.