• 6 января, 2025

Жастар – ел болашағының тірегі

Янв 5, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбатындағы жастар жайлы толғанысы — еліміздің білім беру жүйесіне, жас ұрпақ тәрбиесі мен дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Жастарды қолдау, олардың білім мен еңбек нарығында табысты болуын қамтамасыз ету, азаматтық белсенділігін арттыру – ұлттық басымдыққа айналғаны анық.

Білім беру саласының қызметкері ретінде, бұл бағыттарды жүзеге асырудың негізгі жауапкершілігі мектеп мұғалімдеріне жүктелетінін атап өткім келеді.

Сапалы білім – табысты болашақтың кепілі.

Сапалы білім беру – әрбір оқушыға заманауи білім мен дағдыларды меңгерту ғана емес, олардың сыни ойлау қабілеті мен зерттеушілік машықтарын дамыту.

Елдің болашағы – ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген жастардың қолында. Оқушыларға ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін ұялатып, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттау – мұғалімдердің маңызды міндеті.

Еңбекке бейімдеу – экономикалық тұрақтылықтың жолы екенін ескерсек, Қасым Жомарт Кемелұлының еңбек нарығына бейімделу мәселесіне назар аударуы – уақыт талабы. Бұл мектептерде кәсіби бағдар беру жүйесін күшейтуді қажет етеді. Мұғалімдер оқушыларды түрлі мамандықтармен таныстырып, олардың қабілеттерін айқындауға ықпал етуі тиіс. Сондай -ақ, жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы – еліміздің дамуының маңызды факторы. Мектептерде өзін-өзі басқару ұйымдары мен әлеуметтік жобалар арқылы оқушыларды азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу олардың болашақта белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар туралы бастамалары білім беру саласы мен қоғамның байланысын күшейтіп, жас ұрпақты жан-жақты дамытуға жол ашады. Мұғалімдер үшін бұл үлкен жауапкершілік болғанымен, еліміздің болашағына қосылған үлкен үлес. Президенттің бұл бастамалары – заман талабына сай білімді, еңбекқор, рухани бай азаматтарды тәрбиелеудің мықты негізі.

Сайранбекова Ұлжан — «N50 орта жалпы білім беретін IT-мектеп-лицейі» КММ, тарих пәнінің мұғалімі