• 26 декабря, 2024

Абай облысында мобильді интернетті дамыту жобасы іске асырылуда

Дек 26, 2024

Абай облысының республикалық маңызы бар жолдарын цифрлық инфрақұрылымды пайдалана отырып, интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы (бұдан әрі – жоба) іске асырылуда.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы мәлімдеді.

Ұлттық жобаны іске асыру үшін Абай облысының аумағында 40 антенна-діңгек құрылысын (бұдан әрі – АДҚ) салу қажет. Бүгінгі таңда 23 АДҚ бойынша сараптама қорытындысы бар, 5 АДҚ мемлекеттік сараптама өтуде. Қалған 12 АДҚ бойынша жобалық – сметалық құжаттама (бұдан әрі — ЖСҚ) әзірлеуге шарттар жасалды, ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді спикер.

Еске салсақ, 2023 жылдан бастап Семей қаласына 5G бесінші буынының ұялы байланысын енгізу жұмыстары басталды. «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жоспарына байланысты облыс орталығына 2027 жылдың соңына дейін 116 базалық станция орнатылады. Қазіргі уақытта қалада 27 базалық станция жұмыс істеп тұр.

Абай облысының ауылды елді мекендерін сапалы кең жолақты қолжетімді интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша жол картасы бекітілді.

Еске салсақ, Абай облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп 2023 жылғы 26 мамырда Абай облысының елді мекендерінің интернет желісіне сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын (бұдан әрі – Жол картасы) бекітті.

Аталған жол картасы аясында қалалар мен аудандардың әкімдіктері, сондай-ақ жеке қаражат есебінен 23 АДҚ салу жоспарланған. Бүгінде оның 10 АДҚ салынып болды. Ақсуат ауданының 3 АДҚ, Жаңасемей ауданының 2 АДҚ 2025 жылы қаражат бөлініп, құрылыс басталмақ. Қалған 8 АДҚ бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары және байланыс операторларының құрылғыларын қосу жұмыстары жүргізілуде, — деп қорытындылады аталған басқарма басшысы.