• 25 декабря, 2024

Абай облысында сәулет-құрылыс бақылауы бойынша 108 тексеру жүргізілді

Дек 25, 2024

Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жыл басынан бері сәулет-құрылыс бақылауына қатысты жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарынан түскен 2 151 өтінішті қарастырды.

Осы өтініштердің негізінде 108 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, әкімшілік сипаттағы тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Шыңғыс Аманжолов мәлімдеді.

Тексеру барысында біз Кәсіпкерлік кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын басшылыққа аламыз. Қазіргі уақытта кейбір нысандарды сүру туралы сот шешімдері шығарылды. Барлық тексерулер Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі. Егер растайтын құжаттары бар өтініш келіп түссе, біз міндетті түрде шара қолданамыз, – деді Шыңғыс Аманжолов.

Маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң талаптарының сақталмауы. Басқарма ҚР ӘҚБтК-нің 320-бабы бойынша облыстағы алты құрылыс салушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Ең алдымен, құрылысы жүріп жатқан үйден пәтер сатып алғысы келетін азаматтар құрылыс салушыдан үлескерлер қаражатын тартуға рұқсат құжатын талап етуі керек. Бұл құжатсыз үлестік қатысу туралы келісімшарт жасауға тыйым салынады. Өкінішке орай, еліміздің көптеген қалаларында проблемалық нысандар бар, сондықтан өте сақ болу қажет. Сонымен қатар, құрылыс нысанына берілген рұқсат құжаттары мен қажетті техникалық құжаттаманың бар-жоғын мұқият тексеру маңызды, – деп ескертті басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Шыңғыс Аманжолов 2024 жылғы 8 қазанда мәслихаттың шешімі мен Абай облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес басқарма атауы өзгергенін мәлімдеді. Бұрынғы Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы енді Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы деп аталады. Ал еңбек инспекциясына қатысты функциялар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне берілген.