2024 жылдың 20 қарашасы Семей және Курчатов қалаларының оқушылары мен мұғалімдері үшін айтулы күн болды. Бұл күні қала тазалығы мен экологиялық жауапкершіліктің мәселесіне арналған бірнеше іс-шара өткізілді.
Семей қаласындағы №39 мектепте «Таза Қазақстан: Таза қала» тақырыбында пікірсайыс өтті. Қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мақсаты вандализммен күресудің жолдарын талқылау ғана емес, жастарды қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу болды.
«СоцКз» қоғамдық қорының жетекшісі Әділ Қадырғалиев бұзақылық әрекеттердің алдын алу және экологиялық мәдениетті нығайту әдістеріне тоқталды.
Қаланың тазалығы оның тұрғындарының жауапкершілігінің көрінісі. Қоғамдық кеңістікке және табиғатқа құрметпен қарауға тәрбиелеу маңызды, — деді ол.
Пікірсайыс экологиялық сабақтар, тазалық акциялары, жастармен тәрбие жұмыстарын жүргізу сияқты практикалық шешімдерді әзірлеу алаңына айналды.
Және дәл осы күні Курчатов қаласында мектеп оқушылары, ұстаздар мен қоғам өкілдерінің басын қосқан «Жасыл аймақ» дөңгелек үстелі жасыл желектерді сақтау және өңірдің тұрақты дамуын талқылады. Қатысушылар ағаш отырғызу, қалдықтарды бөлек жинау және мектепте экологиялық клубтар құру бастамаларын ұсынды.
Шара спикері Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Айжан Мұсатаева әр адамның іс-әрекетінің маңыздылығын атап өтті.
Әр отырғызылған ағаш және сұрыпталған әрбір бөтелке – болашаққа жасалған қадам. Бірлескен күш арқылы ғана экологиялық тепе-теңдікті сақтай аламыз, – дейді Айжан Мұсатаева.
Дөңгелек үстел барысында жұмыстың негізгі бағыттары, оның ішінде тұрақты түрде экологиялық акциялар мен облыс тұрғындарына арналған білім беру жобалары талқыға түсті.
Іс-шаралар Абай облысы жастарының экологиялық мәселелерді шешуге белсене атсалысатынын көрсетті. Олардың идеялары мен іс-әрекеттері жарқын болашаққа үміт сыйлайды.