Семей қаласының жастары Республикалық референдумға белсене қатысуда. Биыл Семейде 18 жасқа толған 2006 жас азамат алғаш рет Республикалық референдумда өз таңдауын жасайды.
Олардың арасында түрлі оқу орындарының студенттері, жас мамандар және жұмысшы жастар бар. Бұл — олардың елдің болашағы мен дамуына өз үлестерін қосуға жасалған алғашқы қадамдарының бірі. Алғаш рет дауыс берушілердің қатарында Данара Айдынқызы да бар. Ол — Семей қаласындағы Алихан Бөкейхан университетінің студенті.
«Мен биыл алғаш рет өз таңдауымды жасадым. Сондай-ақ, бүгін менің туған күнім. Әрбір азамат өз дауысымен елдің болашағына әсер ете алады. Сондықтан осы күні барлық қазақстандық белсенділік танытып, өз азаматтық борышын орындауы керек деп ойлаймын», — деді Данара Айдынқызы.