• 23 ноября, 2024

Халықтың артқан сенімін ақтау — басты міндет

Окт 4, 2024

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті.

Жиында Президент форумның ашылуымен құттықтап, депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым екендігін айтты.

Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек, — деді Президент.

Мемлекет басшысы мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек екендігін жеткізді.

Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, — деді.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешетіндігін, алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деді.

Сөз соңында Президент: Мәслихат депутаттары – айрықша сенім мандатының иесі. Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек, — деді.

Мәслихат депутатының басты міндеті – сайлаушылардың аманатын орындап, халық артқан сенімін ақтау. Форум депутаттарға серпін беріп, қызметтерін жандандыруда өз септігін тигізеді деп санаймын.