• 23 ноября, 2024

Семейліктер «Salyq кэшбэк» жобасы аясында 9,5 млн. теңге сыйақы алды

Окт 2, 2024

Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы жылы 15 тамыз бен 31 желтоқсан аралығында жұмыс істейтін «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын іске қосты. Жоба аясында кассалық аппараттар арқылы сатып алудан түскен фискалдық чектер үшін сыйақылар төленеді.

Бірінші кезеңде пилоттық жоба Семей қаласында іске асырылуда, Қала бойынша оператор «Amiankz» ЖШС болып табылады. Сатып алушылар сканерленген чектері бойынша сатып алу сомасының 2% мөлшерінде «Salyq кэшбэк» сыйақылаарын алады. Бұл туралы Абай облысы бойынша МКД камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Бүркітова баяндады.

Жобаға кез келген адам қатыса алады. Бүгінде қала тұрғындары 70 289 чекті сканерлеп, 9 512 307 теңге төледі. Осы чектер бойынша сатып алулардың жалпы сомасы — 575,9 млн теңге, ал жергілікті бюджетке төленген салық құны 17 млн. теңгеден асты. Чек саны өткен жылмен салыстырғанда 154% -ға өсті, — деді басқарма басшысы.

Сатып алушылар тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе картамен төлей алады. Кейін, шотына 2% ақшаны қайтару үшін арнайы мобильді қолданбадағы чектерді сканерлей алады.
Спикердің айтуынша, 1 айда сатып алушылар жалпы сомасы 10 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады және ең жоғары кэшбэк 20 мың теңгені құрайды. Жобаға тек микробизнестің чектері қатысады, орта және ірі бизнестің чектері есептелмейді.

Айта өтсек, «Amiankz» қосымшасын App Store және Play Market-тен тегін жүктеуге мүмкіндік бар.