• 24 ноября, 2024

АЭС пен Ұлттық  Мүдде

Сен 5, 2024

«АЭС құрылысы айқай-шусыз басталмайды». Түрік әріптесімнің пікірі осы төңіректе. Бұдан біраз жыл бұрын Анкарадағы билік атом стансасын салуды ұйғарды. Мердігер деп Батыс компанияларын емес, Росатомды (Ресей) таңдады. Сол-ақ екен, наразы ұйымдар мен топтардың жойқын қарсылығы Анадолыны астаң-кестең ете жаздады. Түрік үкіметі тежеліп, айылын тартқандай болды. Бірақ қос өкпеден қысқан энергия тапшылығы ақыры Мерсин уәлаятында құрылысты бастауға алып келді. Сол Аққұйу АЭС-і салынып жатыр. Жақында Мәскеуге салынған санкциядан «салқын сыбағасын» алғанына қарамастан…

Алдағы айдың басында атом электр стансасын салу бойынша елімізде бүкілхалықтық референдум өтеді. Мемлекет басшысы бұл туралы халыққа арнаған Жолдауында жария етті. Президенттің пікірінше, отандық экономика барған сайын қуат көзін көптеп қажет етеді. Мұндай сұранысты атом энергиясы қамтамасыз ете алады. Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге АЭС жұмыс істеп отырғанын атап өтті. Бұл «бүкіл әлем атомнан бас тартып жатыр» деп, жалған ақпаратын тықпалап жатқан қайсыбір сарапшысымақтарға нақты жауап болса керек.

Мұның алдында өңірлерде маңызды мәселе бойынша қоғамдық талқылау өтті. Референдум алдындағы бұқараның көзқарасын аңғаруға арналған «тамыр басып көру» науқанына бір сөзбен баға берсек, сауатты һәм нәтижелі. Ұлттық ядролық орталық пен атом энергиясы агенттігінің мамандары АЭС-тің тиімділігін, қажет екенін, қауіпсіз екенін беталды бөспе сөзбен (популизм) емес, пайымды пікір, дәйекті дәлелмен түсіндіріп берді. Содан болар, тұрғындардың ойы да осы арнада тоғысып жатты. Рас, әдеттегідей, бір жақ болған қырық кісіге қарсы шығатын жалғыз қыңыр да жоқ емес. Бірақ әңгіме ядролық физика секілді көрінгеннің тісі өте бермейтін күрделі тақырып төңірегінде өрбігендіктен, әлгілердің уәжі құр байбалам, жалаң ұран, жалған патриотизмнен ары асқан жоқ.

Кеңірдегін жыртып, өз елінің емес, өзгенің мүддесін күйттеп, сойылын соғатындарға ілгеріде аз-кем тоқталармыз. Әуелі энергетикадағы ең үнемді шикізаттан сөз етейік. 1 келі ураннан алынған ядролық отын 100 тонна көмірді, 60 тонна мұнайды, 100 вагон көмірді алмастырады екен. «АҚШ пен Қытай бастаған бай-бақуатты елдерде атом стансасы неге көп?» деген сауалға жауап осы.

АЭС салу үшін отын беретін шикізат керек. Сол уран бізде жеткілікті. Биылғы алты айда елімізде 11 мың тоннаға жуық уран өндірілді. Минералдық шикізаттың 8 мыңдай тоннасы шетке сатуға жөнелтілді. Созақ өңіріндегі Ыңқай (Инкай) кенішінде жүргізілген барлау-іздестіру нәтижесінде кеніштің қоры 83 мың тоннаға өсті. Таяуда «Қазатомөнеркәсібі» Ұлттық атом компаниясының Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Мемлекет басшысына осы салада атқарылған жұмыс пен болашаққа арналған жоспар жайында баяндады.

Президент аталған компания басшысын биылғы ақпан айында қабылдаған болатын. Осыдан-ақ мемлекеттің бүгінде стратегиялық секторға айналған өнеркәсібіне айрықша мән беретіні байқалады. Стратегиялық деуіміздің бірнеше себебі бар. Ең бастысы, шикізаттың бұл түріне сұраныс ешуақытта кеміген емес. Содан болар, оның бағасы да үнемі өсіп келеді. Соңғы төрт жылда оның әр фунты (0,454 кило) 24 еуродан 100-ге жетті. Рас, соңғы кезде біраз арзандап, 85 еуроға табан тіреп тұр. Былтыр елімізде 21 мың тонна уран өндіріліп, оның 13 мың тоннасы экспортқа жіберілген.

Екіншіден, атом электр стансасында (АЭС) пайдаланатын ядролық отын шикізаттың осы түрінен алынады. Бұдан үш жыл бұрын Үлбі металлургия зауытында қытай компаниясымен бірлесіп, жылу бөлетін құрамаларды өндіру басталды. Мамандарға жүгінсек, аталған құрамалар — инженерлік құрылым. Оған жылу бөлетін элемент (твэль) –уран таблеткаларымен толтырылған түтіктер орналастырылады. Твэльге арналған уран таблеткасы да осы Үлбідегі кәсіпорында жаксалады. Осылайша, уран секторын әртараптандыру (диверсификация) Қазақстанның уран шикізатын өндіретін елден ядролық отын шығаратын әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына қосылуына мүмкіндік берді.

Реакторда пайдаланылған ядролық отынды сақтау да аса маңызды мәселе. Мамандар мердігер таңдағанда бұған айрықша назар аудару қажет екенін айтады.

Климаттың өзгеруі электр қуатына сұраныстың күрт өсуіне әкеп соқты. Оның үстіне жаңғыртпалы энергия арқылы экологиялық тұрғыдан таза қуат көзіне қол жеткізу күткен нәтижені бере қойған жоқ. Аспан бұлттан арылмай, күннің көзі көрінбеді. Кей жерде жел соқпай қалды. Өзеннің суы тартылып, электр станасының жұмысы тоқтады. Яғни, энергияның бұл түрі баламадан гөрі қосымша қуат көзі ретінде тиімді екені көрініп қалды. Міне, осыдан кейін, әсіресе, кәрі құрлықтағылар (Еуропа) қазір «керексіз» деп жауып тастаған АЭС-ін, тіпті, амалсыз көмір шахтасын қайта ашып жатыр. Көмірі жоқтар ядролық реактор салуға құштар. Бір қызығы, барлық саланы қысып жатқан санкция уран өніміне тиіспейді…

АЭС-ке қарсы айқайға қиқу қосқан бір әріптесіміз «Елімізде электр энергиясында профицит бар» деп соғып жіберіпті. Ал статистикаға сөз берсек, электр қуаты тапшылығы қазірдің өзінде сезілуде. Былтыр елдің батыстағы екі бірдей өңірі жарықсыз қалды. Сол себепті терістік көршіден сатып алуға тура келеді. Ресейлік «Интер РАО» компаниясының биылғы 6 айда Қазақстанға 1,6 млрд кВт/сағат электр энергиясын жөнелткен. Мұнайгаз сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, былтыр желтоқсанда солтүстіктен импортталған электр энергиясының көлемі 9 пайызға жеткен. Оның үстіне алыстан арбалағанның арзанға түспейтіні де әлмисақтан аян. Сондықтан санкция соғысы өршіген қазіргі заманда энергетикалық тәуелсіздік те азық-түлік қауіпсіздігі секілді тағдыршеш мәселе.

АЭС салғысы  келетіндердің екі мәселеде қолы қысқа: уран шикізаты мен ядролық отын. Қазақстанда мұның екеуі де жеткілікті екенін әлгінде айттық. Әлемдік нарықтағы уранның 40 пайыздан астамы Қазақ даласында өндіріледі. Бүгінде айтыла бермейтін тағы бір маңызды фактор – бізде бейбіт атом пайдаланудың сәтті тәжірибесі де бар. Ұлттық ядролық орталықтағы ғылыми-тәжірибелік реактор 50 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал жылдам нейтрондармен (БН- 350) жұмыс істеген Ақтаудағы атом реакторы (МАЭК) 30 жылдай сол өңірді жарық, жылу және тұшытылған сумен қамтамасыз етті. 90-шы жылдардың соңында қайта белең алған әлемдік геосаяси текетірестің кесірінен жабылып қалмағанда өлкеде қазір электр энергиясы өткір мәселеге айналмас еді.

«Көгілдір отын» — газға көшкен комбинаттың бұрынғы қауқары жоқ. «Атом емес, газды пайдаланайық» деп жатқандар да бар. Бұлар елдегі газ өндірісінен мүлде хабары жоқтар. Жұртты «атом тажалымен» қорқытқысы келетін лоббистер мен экологсымақтарға нақты жауап осы болса керек. Маман да табылады. Аққұйуды салып жатқандардың біразы Қазақстаннан барғандар.

Атом энергиясын пайдалану бізге тиімді. Референдум алдында өтіп жатқан қоғамдық тыңдаудағы тұрғындардың пікірі де осыған кеп саяды. Содан шығар, шетелден қаржы алатын ұйымдар мен Олимпиададан соң атойлап атомға ойысқан «бесаспап» блогерлердің әуені өзгере бастады. Олар бұрынғыдай үзілді-кесілді қарсы емес. Станса салушыны анықтайтын бәйгеде тек өздерін жарылқаушылардың аты озғанын қалайды. Тек соны ғана мақтап, ықтимал қарсыласты даттап, қоғамдық пікірді сол жаққа қарай бұру үшін жанталасып жатқан жайы бар.

Алпауыт күштер арасындағы саяси және экономикалық талас-тартысқа айналған АЭС жобасы мұндай бақай есепті емес, жан-жақты талдаудан өткен дұрыс таңдауды, талай сынақта сүріндірмеген өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын прагматикалық ұстанымды талап етеді. Ең бастысы, алпауыт күштердің, қайсыбір халықаралық  ұйымдардың қас-қабағы емес, бірінші кезекте Ұлттың, Мемлекеттің мүддесі ескерілуі тиіс. Сонда ғана ен байлықтың игілігін өзіміз көріп, «Кісідегінің кілті аспанда» демейміз.

Ал құрылысты кім жүргізеді? Бізге қандай реактор қажет? Бұл да мамандардың пікіріне арқа сүйеп, талдау мен саралауды қажет ететін күрделі тақырып. Оған ілгеріде тоқтала жатармыз.