• 3 марта, 2024

Облыстық жастар этнофестивалі өтті

Бүгін Бейбітшілік аралында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан достық шаңырағы» атты облыстық жастар этнофестивалі өтті. Абай облысының Қоғамдық даму басқармасы, Абай облысының Жастар ресурстық орталығы, облыстық Достық үйі бірлесе ұйымдастырған этнофестивальге Курчатов қаласы, Абай, Ақсуат, Бесқарағай, Аягөз аудандарының 14-35 жас аралығындағы шығармашылық жастар ұйымдары қатысып, қолөнер ұйымдарының көрмесін ұсынып, көрермен алдында өнерлерін ортаға салды.

Сонымен қатар қаламыздағы қолөнер шеберлері де өз туындыларын қойды. Көрмені көруге Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов келіп, шеберлермен тілдесіп, естелік суретке түсті.

— Бұл этнофестиваль Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – Қазақстан халқының рухани мұраларын, тарихи және мәдени құндылықтарын насихаттау, сондай ақ Қазақстан халқының достығын, бейтітшілігін және этносаралық келісімін нығайту. Этнофестиваль аясында вокальдық, би, аспаптық, театрлық жанрлардың көркемөнерпаздары мен кәсіби орындаушыларының концерттік бағдарламасы өтуде, — деді Абай облысының Достық үйінің директоры Надежда Шарова.

Этнофестиваль барысында қол күресі, гір көтеру бойынша спорттық жарыстар өтіп, жастар көше билерінің көрсетілімін қойды. Шара соңында Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев қолөнер шеберлері мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттап, ақшалай сертификаттар табыстады.