• 27 февраля, 2024

Шаруаға шыңайы қолдау қажет

Апр 21, 2023

Санаулы күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік бағасының қымбаттығын сынға алып, өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейтіндігін айтты.

-Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсуін дамыту міндеті тұр. Салаға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек,- деген болатын.

Ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін шаруаларды қолдаудың маңызы зор. Мемлекет басшысы айтқандай, шаруалардың уақтылы субсидия алуларына субсидия талаптары қолбайлау болып отыр. Егер осы тұста жеңілдіктер жасалса, мемлекеттің қолдауы сезіліп, еңбеккерлер егін алқабы мен мал басын арттыра түсер еді. Нәтижесінде ішкі нарықтың қажеттігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Президент осы салаға қатысты айтқан тағы бір мәселе – заманауи үлгідегі көкөніс сақтау қоймаларын салу. Расында да, сақтау орындарының тапшылығы салдарынан шаруалар, ала жаздай күткен өнімдері ысырап болып, бүлініп кетпесін деген оймен арзан бағада болса да күзде саудалауға тырысады. Соның салдарынан тұрақтандыру қорларындағы өнім жылдам таусылып, бағаның негізсіз көтерілуіне себеп болады. Сондықтан бұл тұста да Мемлекет басшысы нақты тапсырма беріп отырғаны қуантады.

Аслан ШАМИТОВ,
«Бекарыс» фермерлік қожалығының басшысы