• 3 марта, 2024

Президенттің саяси реформалары – оң өзгерістердің бастауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 16 наурызда «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жариялап, Президент мандатын қысқарту және ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде бастама көтерді.

Енді жеті жылдан кейін президент болған адам қайтадан сайлауға қатыса алмайды.

— Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет,- деді Жолдауында Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеу мақсатында Amanat партиясының төрағалығынан бас тартып, президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Осылайша барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасады.

Alikhan Bokeikhan university оқытушысы М.Бақтыбековтің айтуынша биылғы сайлаудың тартысты өтуі және қандидаттардың белсенділігі елімізде орын алып жатқан оң өзгерістерді көрсетеді.

— Биылғы Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы бұрынғылармен салыстырғанда тартысты өтті, бәсекелестік те жоғары болды. Бұны елімізде оң өзгерістердің бастауы деп бағалауға болады. Кандидаттардың белсенділігі бізді қуантты. Себебі таңдау мен бәсекелестік болған жерде сапа мен алға жылжу да болады. Жеңіп шыққан партиялар мен кандидаттар ел сенімін ақтайды деп үміттенемін,- деді М. Бақтыбеков.

«Қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді» деген Мемлекет басшысы президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салды.

— Өткен жылы елімізде көптеген саяси реформалар жүзеге асты. Жалпыхалықтық референдум өтті. Оның аясында парламент президент өкілеттілігін жеті жылға ұзарту нормасын қабылдады. Енді Ата заңымызға бір рет қана сайлану құқығымен президенттің жеті жылдық мерзімі қайтадан енгізілді. Ең бастысы одан кейінгі басшылар Конституцияның дәл осы нормасын өзгерте алмайды. Бұл суперпрезиденттік билікке қайта оралуға тосқауыл болды. Әлем бойынша президентті жеті жылға сайлайтын мемлекеттер көп емес. Басым бөлігі бес жылға және екінші берзімге сайлануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салды,- деді М. Бақтыбеков.

Президент ұсынған саяси реформалар мемлекеттік құрылысты нығайтудың жаңа тарихи кезеңі әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымының айқын көрінісі.