Реалии дня Рухани Жаңғыру

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілді

Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 28 жылдығына арналып «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде онлайн-шаралар ұйымдастырылды.

Әскери қызметшілердің мемлекеттік рәміздерді заңнамаға сәйкес қадір тұтып, құрмет көрсетуге шақырған «Менің Қазақстаным» атты онлайн-концерті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының гарнизондық офицерлер үйінде өтті. Еліміздің әнұранынан соң, он беске жуық әскери қызметші карантин кезіндегі санитарлық-гигиеналық шаралар қатаң сақтай отырып, өнерін көрсетті. Күміс көмей әншілер «Көк тудың желбірегені», «Жаса, қазағым!», «Ұлы дала» әндерін орындап, мың бұралған бишілер «Алаш аманаты» және «Мен қазақпын» композицияларын тарту етті.

– Жыл сайын концерт залына жиналған көрермендердің тамашалауымен ұйымдастырылатын концерт биыл еліміздегі карантин жағдайына байланысты онлайн түрде жүзеге асты. Рәміздер күніне арналған концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Игі шара ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылықтарды дәріптеуге бағытталып отыр. Еліміздің еңсесі биік болып, көк байрағымыз бейбіт күннің аспанында желбірей берсін!, – деген тілек білдірді гарнизондық офицерлер үйінің көркемөнерпаздар ұжымының жетекшісі Сәуле Кәрімова.

Рәміздер күні қарсаңында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің кітапханаларында көрме де қойылды.