Облыста сұранысқа ие мамандықтарды дайындайтын колледждердің техникалық жабдықталуы басты назарға алынып отыр.
Арнайы комиссияның шешімімен 10 базалық колледж таңдап алынады. Олар ауылшаруашылығы, құрылыс, техника және энергетика саласының мамандарын оқытатын білім ордалары. Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында білім беру басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлімдеді.
– Қазіргі таңда облысқа құрылыс саласының кәсіби мамандары қажет. Осы ретте Семей құрылыс колледжі негізінде құрылысшы мамандардың тәжірибелерін арттыру үшін тиісті жағдай жасап, қажетті құрал-жабдықтармен, техникамен қамтамасыз ету шарт. Білікті маман арнайы техниканың қыр-сырын меңгерсе, ертеңгі жұмысында жақсы нәтиже көрсете біледі, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар жиналыс барысында аймақ басшысы құрылыс фирмаларының басшыларымен құрылыс мамандарына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру қажет екенін айтып өтті.
Айта кетсек, биыл өңірде 3 колледжде құзыреттілік орталықтарын ашу үшін жергілікті бюджеттен 437 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Келесі жылы аталмыш орталықтарда 13 мамандық бойынша 1450 студент оқытылады.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі