Год молодежи-2019 Реалии дня

«Колледж барысы-2019» анықталды

Семейде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылы аясында Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы қаладағы «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру орталығында облыс колледждерінің студенттері арасында дәстүрлі «Колледж Барысы 2019» облыстық жарысын өткізді.

Байқаудың ашылу салтанатында құттықтау сөздерін арнаған Семей қаласының әкімі Ермак Салимов, ШҚО «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті А. Қазымов, 2014 жылы «Қазақстан Барысы» сайысының жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, облыстық білім басқармасының ТжКББ бөлімінің бас маманы Г.Ильясовалар қатысушыларға жеңіс тіледі. Көлік колледжінің директоры, Қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 4 дүркін Азия чемпионы, «Әлем Барысы», «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» турнирлерінің жеңімпазы, 3 дүркін Әлем Кубогының иегері Айбек Нұғымаровтың айтуынша, мұндай жарыстар жастарға үлкен тәлім-тәрбие мектебі болары сөзсіз.

– Құрметті жас талап спортшылар, сіздерге үлкен рахмет! Бүгінгі міне, осындай шаралар сіздердің Отанға деген сүйіспеншіліктеріңізді шыңдайды. Әр мамандықтың өзінің жемісі, жеңісі болады. Қазақ елін сыртқы жаудан қорғайтын Қабанбай батырларымыз сіздерсіздер. Біз сіздерге сенеміз. Енді спорт саласында ел туын жоғары ұстауға тырысыңыздар. Мен тек қана жақсылық тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болуы үшін сіздер оқып, еңбек етіп жатырсыздар, үлкен рахмет! – деді Көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров.

Айбек Нұғымаров әрдайым спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын кеңес берді. Директордың орынбасары Әсия Әубәкірованың айтуынша, чемпиондарға «Колледж Барысы 2019» белбеуі, жеңімпаздарға кубок, медаль, диплом мен бағалы сыйлықтар дайындалған екен. 70 және 85 келіден жоғары екі салмақ дәрежесінде өткен жарысқа 25 колледжден 50-ден астам студент қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға келсек, 70 келі салмақта 1-інші орынға Сұңқар Ибраев, 2 орынға – Нұржан Мэлсовтер Азаматтық қорғаныс жоғары колледждерінен шықса, 3-інші орын Семей қаласының электротехникалық колледжінен Төлеубек Әсетке бұйырды. Ал 85 келіден жоғары салмақта Семей қаласының электротехникалық колледжінің студенттері, атап айтқанда 1 -інші орынды – Роллан Саятов, 2-інші орынды Уәли Әліби иеленсе, ал 3 орынға – Мағжан Жұмашев, Семей көпсалалы колледжінің студенті алға шықты. Жеңіс тұғырына көтерілгендердің барлығына марапаттар салтанатты түрде табысталды.

Раушан Қабжанқызы