Год молодежи-2019 Реалии дня Театр

«Дариға-ай, театр» кітабының таныстырылымы өтті

«Дариға-ай» бұл жастар театры. Алдағы уақытта Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінен осы жастар театры жайлы кітапты оқи алатын боласыздар. Жақында осы кітапханада Жастар жылына орай «Дариға-ай» театрының 20 жылдығына арналған «Дариға-ай, театр» кітабының таныстырылымы өтті.

Шараға «Дариға-ай» жастар театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Құдайбергенова, жазушы Қуат Қиықбай, сахна тілі маманы Мейрамгүл Алепарова және жастар театрының ұжымы қатысты. Сондай-ақ шараға театр және өнер сүйер қауым, қаланың студент жастары, Шәкәрім атындағы Семей мемелекеттік университетінің және М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің студенттері шақырылды.

Шара барысында кітапханашылардың айтуынша, адамдардың моральдық және рухани дамуына мүмкіндік беретін «Дариға-ай» жастар театры 1999 жылдың 14 қарашасында профессор Дариға Тұранқұлованың және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, абайтанушы Төкен Ибрагимовтың бастамасымен ашылған екен.

Театрдың негізін қалаушылар – профессор Майра Омарбекова, аға оқытушы Мейрамгүл Алепарова және театрдың көркемдік жетекшісі Ақпарәлі Әйтібаевтар. Кітаптың таныстырылымына орай қызыл лентаны қию құрметі Қуат Қиықбай мен Мейрамгүл Ақшабекқызына берілді. Кеш қонақтары бұл кітап шығармашылық ұжымның жиырма жылдық тарихын, театрдың құрылуы мен қалыптасуына үлес қосқан адамдар мен таланттар жайында екендігін баяндай отырып, талантты жас актерлер театр өнеріндегі аға буынның үздік дәстүрлерін ұстанып, жалғастырып келе жатқанын айтты.

Театр актерлері шығармашылық процестері мен театр әртісінің ерекшеліктері, жұмыстың қиыншылықтары туралы ой бөлісіп, театрдың 20 жылдағы жетістіктері мен театр репертуары туралы, қазіргі театр өнерінің даму үрдісі туралы көрермендердің сұрақтарына жауап берді.Іс-шара бейнематериал, слайд-тұсаукесері, музыкалық композициялармен жалғасын тапты. Арнайы келген қонақтар сүйікті театрына деген жылы лебіздерін білдірді.

Раушан Қабжанқызы