• 22 ноября, 2024

БҰЛ ӘН БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК

Окт 9, 2019

Өнердің қара шаңырағы – Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясы 74-ші маусымын ашты. Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегеніндей, бұл маусымашар концерт те бұрынғыдан өзгерек болғанын көзі қарақты көрермен бірден байқады.

Шығармашылық ұжымның айдан аса уақыт жүргізген дайындығы далаға кетпеді. Көрерменнің көңілін дөп басты. Жақсы ән мен тәтті күй көңілдерге түрлі ой салып, әркім әнді өзінше сүйіп, өзінше тыңдады. Есті әндер естілмей кеткенде, талғам таразысынан шыққан таңдау түскен тамаша әндер құлақтан кіріп бойды алды. Кезекті өнер маусымының ашылуына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.

— Жаңа маусымды жаңа форматта, жаңа бағытта өткізу басты міндетіміз болған. Ойлағанымыз жүзеге асқан тәрізді. Оған келген көрерменнің өнерпаздарға деген құрметі мен қошеметінен анық аңғардық. Біз үшін көрерменнің ықыласынан асқан мәртебе жоқ. Театрландырылған концерт ұсына алдық деп ойлаймын, — дейді филармония директоры Адай Азаматов.

Концерт шымылдығы этно-фольклорлық ансамбль Абайдың «Аттың сыны» өлеңіне композиция орындап, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын насихаттау өнер ұжымының басты ұстанымы екенін көрсетті. Мерекелік кеш өнер ордасының халықаралық байқауларға, фестивальдерге қатысқанын айшықтайтын деректі фильммен бастау алып, көрермендер ұжымның жүріп өткен жарқын сәттерін жадында жаңғыртты. «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен, «Тұмар» би ансамблі сахна сәнін келтіріп, «Тойбастар» әнін музыкалық театрландырылған композицияда өнер ұжымы қосыла шырқап шыққанда шапалақ соқпаған көрермен қалмады.

Абай операсынан көрініс көпке ұнады. Әсіресе Абай ауылына атақты Біржан салдың келуі, Майраның, Нартайдың, Кененнің, Үкілі Ыбырайдың, Әміренің әуелеген әндері шырқалғанда, көрермен біткен тына қалды. Музыкалық театрландырылған композиция Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Көшеровтің Абай операсындағы «Абай Ариясын» орындаумен шырқау шегіне жетті.

Өнер ордасының жастары әлемнің үздік классикалық әндерімен суысындатып, таланттарымен тәнті етті. «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен жергілікті композитор М.Қоқымбаевтың «Самғау» күйіне биші Айнұр Асқар және «Тұмар» би ансамблі мың бұрала билеп, керемет үйлесімділік көрсетті. Домбырашылар мен қобызшылар арасындағы күй тартыс та көрерменнің көңіл пернесін дөп басты.Өнер ұжымының мэтрлары, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Баян Сағынбаева, Омаровтар жанұясы, Бақытгүл Исаева, Мейрамбек Ахметов «Ақбұлақ» әнін орындап, есті де ескі эстарадылық әндер легі шырқалды. ҚР «Мәдениет қайраткері», «Шапағат» орденінің иегері Мапруза Утуленова бастап, Гүлдана Ноғайбаева қостаған таланттар Нұрлан Түтінов, Парасат Отан, Олжас Оспан, Әлия Әукенова, Еркебұлан Мұсаев, Болат Солтанаев, Айдын Өмірбековтер көрермендердің көзайымына айналды.

Жастар жылына орайластырып, филармония әртістерінің орындаған «Қазақ жастары» әні маусым ашар концерттің шырқау шегіне жеткенін көрсетіп, көрермендер ұзақ қол соғып, өнер ұжымына құрмет көрсетті.

Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның баспасөз қызметі.