Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Наурыз мейрамын атап өтті. Ұлыстың Ұлы күнін қар көбесі сөгіліп, жер аяғы кеңігенде мерекелеу жаңалық емес. Білуімізше, қазақ даласының өзінде ғана климаттық жағдайға байланысты жыл басы 40 күнге дейін тойланған деген дерек бар. Осы дерекке сүйене отырып, оқушылар, ұстаздар, ата-аналар біріге отырып, әз – Наурызды өткерді.
Мектеп ауласына 12 ақ шаңқаң киіз үй тігіліп, сол үйлерге әр ұлттың ауылы деген атау берілді. Бұл күні той иесі қазақ ауылынан бөлек, онымен қанаттас қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, татар, әзірбайжан, иран, ұйғыр, пәкістан, түрік, ауған ұлттарының шаңырақтары өз келушілеріне есіктерін айқара ашты.
— БҰҰ Бас ассамблеясы 2010 жылы өзінің берген түсініктемесінде: «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. Міне осының өзінен-ақ, Әз-Наурызымыздың жер шарындағы көптеген халықтарға ортақ мереке екенін көреміз. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Осыны ескере отырып, тігілген киіз үйлерімізде жерімізде мекен етуші сол ұлттардың тілі, дәстүрі, мәдениеті, әдет-ғұрпына сыйластықпен қарау мақсатында әр сыныпқа арнайы тапсырма беріліп, сол ұлттардың бітім-болмысын ашып көрсетуге тырыстық. Бұл шараға ата-аналарымыздың да түсіністікпен қарап, қолдау білдіргені қуантады. Осылайша, мерекені бір шаңырақ астында бірнеше ұлттың баласы бір кісідей тойлауы арқылы достығымызды, татулығымды көрсеткіміз келді, — дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.
Зияткерлік мектепте ұйымдастырылған шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов, қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Зәуреш Исабаева, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театрының директоры Яков Горельников, «Эрудит» білім орталығының директоры Арафат Мамырбеков сынды құрметті қонақтар келіп, Наурызды тойлаушы елді құттықтады.
Мерекелік көңіл-күйдің көркін мектеп оқушыларымен ұстаздар қауымының әзірлеген театрландырылған көріністері, концерттік бағдарламасы аша түсті. Соның ішінде 180 оқушыдан құралған оқушылар оркестрінің «Секіртпе», «Бәйге» күйшілер ансамблінің «Ерке сылқым», «Дала сазы» этно-фольклорлық ансамблінің «Көроғлы» күйлері, «Асыл» бишілер тобының «Ақ Жайық», «Самұрық» бишілер тобының «Көктем», «Жас қиял», «Самұрық» би топтарының «Шалқыма» билері, ВИА, Вокалдық квартет, хор, жеке әншілердің орындауларындағы әуезді әндері аша түсті.
— Наурыз мерекесі жайлы соңғы екі жылдан бері таныспын. Семей –менің Қазақстандағы еңбек жолымдағы алғашқы қала. Халқы қонақжай, бауырмал, кішіпейілдігімен таңдандырудан жалықпайды. Сол қарапайым жандардың арқасында қазақ халқының ғана емес шығыс халықтарына тән Наурыз мерекесі жайлы, оның өту барысы, мәні мен маңызы жайлы көп ақпарат жинадым. Наурыз –жалпыхалықтық мереке. Ұлттық дәстүр насихатталып, көне әдет-ғұрыптар жаңғыра түседі екен. Осы жағынан алғанда ерекше әсер сыйлады. Бүгін әр ұлттың дастарханынан дәм татып, олар жайлы да жақынырақ танып білуіме мүмкіндік туды. Наурыз құтты болсын!, -дейді мектебіміздің халықаралық мұғалімі Хрвое Морич.
Расында да, дәл осы күні мектеп ауласы нағыз думанға толды. Әр киіз үйде түрлі ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, әр халықтың киімін киген ата-аналар, оқушылар би билеп, ән шырқады. Ұлттық ойындар ойналып, білекті оқушылар боз кілемде белдесті.
Концерттік бағдарламаның екінші бөлімі М.Төлебаев атындағы музыка училищесі, ШҚО Ә.Қашаубаев атындағы Семей филармониясы, қалалық мәдениет сарайы өнерпаздарының шашуымен жалғасты.
Шара аясында шаңырақ сағаттары ұйымдастырылып, оқушыларға Наурыз мерекесі жайлы деректі фильм көрсетілді. Осылайша Ұлыстың ұлы күні өзінің сән-салтанатымен жоғары деңгейде аталып өтілді.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі