Бас қаламыздың атын Елбасы құрметіне өзгертуге қолдау білдірген ірі кәсіпорындар қызметкерлері, еңбек ұжымдары, мұғалімдер мен дәрігерлер қатарына қарпайым қала тұрғындары да қосылды. «Астанамыз-Нұр-Сұлтан» акциясына әр түрлі жас мөлшеріндегі мыңға жуық адам қатысты.
— Бабалар аманаты мен ел сенімін арқалаған Елбасы есімін, бүгінде дүние жүзінде білмейтін адам жоқ, — деді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов. – Күрмеуі қиын мәселе, күрдері сұрақтар мен тағдырлы шешім қабылдау жауапкершілігін мойнына алған Елбасы беделі, салмақты ойы мен сарабдал саясаты, бүгінде, жаһан жұртына үлгі, өнеге. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен Қазақстан саяси, экономикалық, рухани жаңғыруға бет алып, ауқымды реформаларды орындап келеді. Елордамызға Нұр-Сұлтан атын беруді, Елбасының өлшеусіз еңбегін әділ бағалаудың жарқың көрінісі деп қабылдаймыз!
Акцияға қатысушылар Ұлт Көшбасшысының арқасында Қазақстанның көпұлтты халқы, бейбітшілік пен бірлікте өмір сүретінін атап өтті.
— Нұрсұлтан Әбішұлының ең маңызды шешімдерінің бірі – Семей полигонының жауып, оны бейбіт мақсатта қолдану туралы Қаулысы, — деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Арап Еспенбетов. — Елбасымыздың бұл әрекетін әлемнің барлық саясаткерлері құптаған болатын. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен астанамызға Нұр-Сұлтан атауының берілуі заңды құбылыс.
Елордаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімін беруді қолдап жастар ұйымдарының көшбасшылары да сөз сөйледі.
— Қазақстан халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр- қайратымен елеулі еңбек атқарған Тұңғыш Президентімізге Семей жастарының атынан алғыс айтамын, — деді «Жас Отан» жастар қанаты Семей қалалық бөлімшесінің жетекшісі Алмас Айтмұқаш. — Елбасымыздың барлық бағдарламалары алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, соңына дейін жетеді деген сенімдемін. Тұңғыш Президент есімі тарихта алтын әріппен қалары сөзсіз.
Акция мерекелік концертке ұласып, қала жұртшылығы әсем ән мен тәтті күйге бөленді.
Семей қаласының ақпараттық орталығы