• 6 июля, 2022

«Ана үйіне» сыйлық

Мар 6, 2019

Ана мен бала! Бұл ұғым адамның жан-дүниесіне ерекше сезім ұялатары анық. Өйткені жер бетіндегі барлық тірі жан иесі ананың құрсағынан бастау алады. Осыған орай Семейде «Ана үйіне» сыйлық ретінде «Шын жүректен…» акциясы өткізілді. Шараның мақсаты қоғамда орын алған өзекті мәселелердің шешілуіне ат салысу және қиын өмір жағдайына түскен тағдыры әр түрлі жас аналардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру болып табылды.

Акция барысында кітапхана қызметкерлері «Ана үйінің» жас аналарына, қазіргі тұрғындарына 70-тен аса қазақ және орыс тілдерінде көркем әдебиеттерді сыйға тартты. Кітаптардың арасында қазақ, шетел, орыс классикалық әдебиеті жазушыларының кітаптары, шытырман оқиғалы детективтер, поэтикалық жинақтар, балалар әдебиеті бар.

«Ана үйі» мекемесінің үйлестірушісі Айнагүл Нұртазина ерекше риза болып:

– Кітап тұрғындардың ішкі жан дүниесіне ерекше әсер етіп, көңіл-күйін көтеріп, қамықтырғыш ойлардан сейілтеді, – дей келе кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Бес жылдық тарихы бар «Ана үйі» қоғамдық қоры да кітапханаға кішкентай отбасын сақтап қалудың 100 мысалы енген «100 Ана. 5 жыл» жинағын сыйға тартты.

Ал кітапхана қызметкерлері өз тараптарынан осындағы жас аналарды мерекелерімен құттықтап, жігерлі болыңдар, тек алға қарап, жарқын болашаққа ұмтылыңдар деген тілектерін білдірді.

– Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай Семейдегі «Ана үйіне» «Шын жүректен…» атты акциясын өткізді. Бұл акцияны өткізу «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын ұйымдастырғаннан кейін мүмкін болды, себебі бізге оқырмандарымыз көп кітап сыйлады. Соларды «Ана үйіне» бердік, – деді ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының дамыту бөлімінің әдіскері Светлана Саягуб.

Марат Айболов