Қала әкімі Ермак Сәлімовпен өткен әкімшіліктегі жиында Бобровка кентінің тұрғындары да өз өтініштерін айтып келді.
Айта кету керек, былтыр су жайлаған сәтте екі күн бойы Бобровка кентінде болып, бұл жердегі жағдайды қадағалауды басты назарына алған әкімнің тікелей өзі болатын.Тіпті тұрғындарға отын мен көмірді де қалайда жеткізіп отыруды қамтамасыз еткен. Сондықтан Бобровка тұрығндары Ермак Сәлімовпен ашық әңгімелесуге еркін үйренген.
Бүгінгі жиында да тағы да сол су алу мәселесі қозғалды. Бобровка тұрғыны Манап Тоқтарұлының айтуынша, жылда қар қалың үйіліп қалады да, аулаларды су алып кетеді. Сондықтан қар шығаруды ертерек қолға алсаңыздар, деді Манап Тоқтарұлы.
— Әркімнің өзінің құдық суы бар, бірақ, суының сапасы нашар, — деді Манап Тоқтарұлы, — Көктемде қардың суы көп болады да, аула-аулаға кіріп кетеді. Судың астында қалатын бір себебіміз, осы болып тұр. Қаланың канализациясының жаман қоқыстарын біздің тұсқа төгеді. Осыны бізден арығарай шетке шығарса деген өтінішіміз бар. Себебі қазір бұрынғыдай емес, Бобровкада емхана, балабақша, мектеп салынды. Қаланың құбырынан шыққан лас қалдықтар бізге төгілуі қиын болып тұр.
— Менің сіздерге айтатыным, ауыз су мәселесін қарастырамыз, сапасын тексереміз. Бірақ, қазір Бобровканың қалың проблемасын бірден дереу шешіп бере алмаймын, оған әзірше мүмкіншілік жоқ, — деді қала әкімі Ермак Сәлімов, — сіздерге жол жасап беру қажет, қалың қарды шығару керек. Біртіндеп шешуге тырысамыз. Ең алдымен Бобровканың орталық көшесіндегі қарды тазалаймыз. Ал құбырдан шығатын қоқыс мәселесін, міне, осы жиынға қатысып отырған «Семейводоканал» мекемесінің бастығына тапсырамын.
Алмабек Наетов деген тұрғын Лесотарная көшесіндегі қоқыс-қалдықтарды тазартуды сұрады. Және Заезд Шульбинская тұсына құбыр орнатылса, қар суы толып кетеді, деген өтінішін айтты.
— Қоқысқа арнайы жинайтын жақсы бақылаушылар таба алмай отырмыз, — деді Алмабек Наетов, — бізде 9 контейнер бар, олар да толып кетеді. Дегенмен тағы да бірнеше контейнерлер қойылса жақсы болушы еді.
— Бобровка, Лесотарная, Заезд Шульбинская көшелеріндегі жағдай менің назарымда тұрады, -деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-біз бүгін біраз жерлерге барып көреміз. Бұл жердегі жағдайды қадағалауды басты назарымызға алған жөн. Әрқайсысының проблемаларын тыңдап, не істеу керектігіне назар аударамыз. Қазіргі уақытта Семейдің еш ауданына су тасқынынан келетін қауіп жоқ. Қар суын болдырмас үшін оны тазалауды жолға қоямыз.
Марат Айболов