• 24 ноября, 2024

Әйел адамдардың қатерлі дерттері анықталуда

Фев 6, 2019

Семей қаласында басталған обыр дертімен күрес онкүндігінде алғашқы мәліметтер де анықталып отыр. Әр жылда тексерулер барысында Семей өңірі бойынша түрлі обыр дертіне ұшыраған 1500 — дей сырқат белгілі болады екен.

— Бізде көбіне әйелдерде сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісігі аурулары бірінші, екінші орындарда тұр, — деді Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұргүл Жұмықбаева, — жыл сайын әйелдер арасынан 80 адамды осы дерттен анықтаймыз.

Нұргүл Жұмықбаеваның айтуынша, Ел Үкіметінің 2018 жылдың 29 шілдесіндегі №395 қаулысына сәйкес, онкологиялық аурулармен күрес жүргізу жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыру аясында 1–10 ақпан аралығында, обырмен Дүниежүзілік күрес күніне орайластырылған Республикалық онкүндік Семейде де қызу басталды. Семейде обырмен дүниежүзілік күрес күні I Am and I Will (#IAmAndIWill) ұранымен өтеді. Бұл қазақша аударғанда «мен бармын және қолдан келгеннің бәрін жасаймын» деген мағына береді.

Онкологиялық аурулардың алдын-алу және ерте анықтау жөніндегі республикалық онкүндіктің мақсаты — онкологиялық патологияның ауыртпалығын төмендетудің жаһандық проблемасына қоғамның назарын аудару, онкологиялық аурулардың алдын-алу және ерте анықтау бойынша халықтың хабардарлығын арттыру және халықты скринингтік тексеруден уақытылы өтудің қажеттілігі туралы хабардар ету.

— Бүгінгі күні Семей өңірінде обырмен науқастаушылық жоғары күйінде қалып отыр, — деді Семейдегі онкологиялық диспансер директоры Марат Сандыбаев, — жыл сайын біздің өңір бойынша қатерлі ісікке шалдыққан 1500 астам науқас тіркеледі. Мәселенің өзектілігі онкологиялық аурулардың жасарып бара жатуы, аурудың арнаулы емнің тиімділігі аз болатын кезде, кеш, яғни асқыну сатыларында анықталуы. Қазіргі кезде онкологияда обырды емдеудің арнайы әдістері бар, бұл әсіресе аурудың ерте кезеңдерінде жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Обыр неғұрлым ерте анықталып, уақытында дұрыс ем жүргізілсе, науқас үшін соғұрлым жақсы.

Обырды ерте анықтау, өлімділікті төмендетудің маңызды факторы болып табылады. Онкологиялық ауруларды скринингтік тексерулерді уақытында өту жолымен анықтау да маңызды. Ақпараттық компания аясында обырдың даму қаупі факторларына, онкологиялық аурулардың ерте анықталу маңыздылығына, хабардарлықты арттыруға, темекіден және темекі түтінінен таза қоршаған ортаны қамтамасыз етуге, жұмыс орындарында жақсы тамақтанудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлінеді.

Семейде 2019 жылдың 9 ақпанында онкоорталықтың емханасында және өңірдің барлық онкологиялық кабинеттерінде 50 жастан асқан тұрғындар үшін «Ашық есік күні» өткізіледі.