• 6 июля, 2022

Әр ауылдық мектепке IT-кабинет

Фев 5, 2019

Қала әкімі ауыл тұрғындарымен есеп беру кездесулерін өткізуде. Соңғы үш күнде шаһар басшысы 10-нан астам ауылдық округ тұрғындарымен жүздесті.

Кездесу барысында 2018 жылдың қорытындысы шығарылып, елді мекендерді дамыту жоспарлары туралы сөз қозғалды. Әкім есебінен, биылғы жылы ауыл мектептерін робототехника кабинеттерімен жабдықтауға қаржы бөлінгені белгілі болды.

Ермак Бидахметұлы Семей өңірінің барлық мектептері Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша жаңа модификациялы IT-кабинеттермен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Мектептерді заманауи техникамен жабдықтау жұмыстары облыс әкімі Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асуда.

Ермак Сәлімовтың айтуынша биылғы жылы төрт ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары өткізіледі. Бұл жұмыстарға бюджеттен 11 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Өз баяндамасында қала басшысы жалпы сомасы 2 млн 700 мың теңгеге Знаменка, Айнабұлақ, Приречное, Жарқын, Шақаман, Ақбұлақ, Алғабас, Абралы, Бөкенші және Қайнар ауылдарындағы мәдениет үйлері мен клубтарға көмек көрсетілгенін айтты. Сонымен қатар Шүлбі кентіндегі кітапхана жөнделіп, Қайнар және Мұқыр ауылдарына кітап сатып алуға қаражат қарастырылған.

Есеп беру барсында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 6,1% – ға өскені белгілі болды. Мал шаруашылығы да белсенді дамуда. Приречный ауылдық округінде ірі қара мал басының саны 14%-ға, ұсақ мал 58%-ға артты. Новобаженово ауылдық округінде жылқы басы 25%-ға өсті.

Ауылдық округтердегі есеп беру кездесулер жемісті өтті . Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берген Е.Сәлімов, көтерілген барлық проблемалық мәселелер біртіндеп шешілетініне уәде берді.

Айта кетейік, 7 және 8 ақпан күндері Е.Сәлімов қала тұрғындарымен кездесу өткізбек. Есеп беру кездесулерінің біріне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысады.

Семей ақпараттық орталығы