• 18 апреля, 2024

Ұлттық Ұландықтардың қоян-қолтықтан сайысы өтті

Янв 16, 2019

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар, Курчатов, Семей және Өскемендегі 7 шақты әскери бөлім арасында қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті. Дәстүрлі түрде өтетін әскери жекпе-жекке 200-ге таяу жауынгер қатысты. Спорттық шара 1995 жылы ауған-тәжік соғысында қаза тапқан 17 жауынгерді еске алуға арналды.

-«Ұлттық ұланның» «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы біріншілігіне 70-ке жуық әскери қызметкер бақтарын сынап, әскери біліктіліктерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасты, — деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді, — қоян-қолтық ұрысы тек спорт жүзінде ғана емес, өмірде де керек нәрсе. Өйткені, өзіңді қорғау кезінде, біздің жауынгерлік өмірде де спорт ең қажет нәрсе.

— Біз сотталушылармен жұмыс істейтіндіктен, сотталушылар қарсыласқан жағдайда немесе азаматтық тұлғаларды, құқық бұзған азаматтарды ұстаған кезімізде, ең керек нәрсе осы – жекпе-жек өнері болады, — дейді Павлодардағы 6679 әскери бөлімінің намысын қорғап келген Дәурен Алпысбаев.

Бойдағы жауынгерлік рух пен тасып тұрған күш-жігер арқылы шапшаң қимылмен қарсыласыңа соққы беріп, ұтымды әдіс, шалт қимылдар нәтижесінде жоғары ұпай жинап, жеңіс тұғырына жету – басты мақсат. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы өткізген мұндай жарыстар жауынгерлік рухты оятады. Темірдей тәртіпке тәрбиелейді.

— Менің ойымша, спорт бойға денсаулық, күш пен жігер сыйлап қана қоймайды. Сонымен қатар жеңіске деген құштарлықты оятады. Намысты қайрайды. Дәл осындай азаматтар «Ұлттық ұланның» сапына керек. Өйткені, біз күнделікті әскери тапсырманы орындаймыз. Тәртіпсіздікпен күресіп, қылмыстың алдын алу шараларын өткіземіз. Күтпеген жерден туындайтын түрлі жағдайларда қас-қағым сәтте тығырықтан шығудың амалын тауып, күш-жігеріңді шеберлікпен пайдалану қажет. Ал бұл әскери іс-қимыл техникасын меңгеруді керек етеді, — дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы міндетін уақытша атқарушы, генерал-майор Дмитрий Бочаров.

Бағдат Амангелдінің айтуынша жарыс қорытындысы бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы біріншілігіне өткен қоян-қолтық сайысы ұрысынын 1-інші орынды Курчатов қаласынан келген 3514 әскери бөлімі жеңіп алса, 2-інші орын Өскемендегі 5518 әскери бөілімі қанжығасына байлап, 3-інші орынды тағы да Өскемендік 6699 әскери бөлімінің спортшылары жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар кубок және мақтау қағаздарымен марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер арасынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы жасақталып, алдағы Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін болады.

Марат Айболов