• 29 июля, 2021

Тағылымды жоба

Ноя 27, 2018

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Семейдегі обылстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы шара дөңгелек үстел өтті. Жиынға Жырғалұлы – ҚР білім беру ісінің үздігі, мәдениеттанушы, ақын, сазгер Құсмилия Нұрқасым, тарихшы ғалымдар Мұхтарбек Кәрімов, Амантай Исиндер қатысып, өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Елбасы мақаласындағы әр бөлімдер бойынша сұрақтарға жауаптар қайтара отырып, әңгіме өрбітті. Жиынға Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбайдың айтуынша Елбасының бұл мақаласы былтырғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспеттес.

– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы екі бөлімнен тұрады, – деді Қайрат Сабырбай, – алғашқысы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Мақаланың аты айтып тұрғандай, негізгі бөлім ұлы даланың жеті қырын айқындап береді. Оның ішінде жеті қазынамыздың бірі жылқыға ерекше мән беріліп отыр. Ұлы дала халқы металл өндіру мен терең тарихымен мақтана алады.

Сондай-ақ, Түркі әлемінің бесігі болып, Еуропа мен Азияны жалғаған Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды да көзделген. Қазақ даласының сулы, нулы табиғаты да елеусіз қалмақ емес. Ал, мақаланың екінші бөлімі алдағы уақытқа бағыт-бағдар береді.

Музейдің «Ғылыми-әдістемелік және көпшілікпен экскурсиялық жұмыстар» бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Шалатайқызының ақпаратынша, Елбасы төл тарихымызды бағалап, жаңғыртуға арналған нақты 6 тапсырма жүктеді. Оның ішінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажеттігі де айтылған.

Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу сынды тарихи, әрі маңызды міндеттер бар. Осы аталғандардың барлығына да Семей қаласындағы тарихи өлкетану музейінің ұжымы атсалыспақшы.

Марат Айболов