• 19 марта, 2024

Шоқ жұлдыз ізімен

Ноя 14, 2018

«Шоқ жұлдыз ізімен» Шоқан Уәлиханов жүріп өткен жолдарға арналды.

Алматы облысының әкімдігі, Алматы облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Шоқ жұлдыз ізімен» атты тарихи-танымдық экспедициясы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің Семей қаласындағы Бас музейі және «Алаш арыстары және Мұхтар Әуезов» музейлеріне арнайы келіп, ұлылар рухына тағзым етті.

Қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, фольклорист Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапары Семей қаласынан бастау алған болатын. Экспедиция мақсаты, Шоқан Шыңғысұлы жүріп өткен тарихи орындарға тоқталып, ұлы тұлғаның қысқа да жарқын өміріне қатысты жерлерді көру және зерттеу болып табылады.

— Қазақ халқының ұлы ағартушысы Шоқан Уәлихановтың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес,-деді Абайдың мемлекеттік қорық музейі диреткорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева, — міне, ол жүріп өткен экспедиция ізі арқылы келген Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазиновқа алғысымыз шексіз. Шоқанның Қашқария сапарының белгісіз қыр-сырларына тереңірек үңілуімізге мүмкіндік берді.

Экспедиция құрамында сондай-ақ, Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рүстем Қанапиянов, «Жетісу» географиялық қауымдастығының мүшесі Ж.Нүриев, «Қазақстан» телеарнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қ.Серікқанов, «Огни Алатау» газетінің тілшісі Ш.Жұмагұлова, «Жетісу» телеарнасының журналисі Е.Дүйсен және тағы басқа қонақтар бар. Олар музейлердің экспозицияларын, тамашалап ерекше қызығушылық танытты.

Кездесу соңында қонақтар музей ұжымының Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің асыл мұраларын көпшілікке насихаттаудағы жемісті еңбектеріне табыс тілеп, зор алғысын білдіріп, Абай музейіне арнайы сый тарту етті. Абай қорық-музейі директорының ғылыми-жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева қонақтарға Абай туралы естеліктерді сыйлады.

Раушан Нұғманбекова, суреттер автордыкі.