Абай облысында жазғы маусымға орай шомылуға арналған 16 ресми орын белгіленіп, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді және қауіпті учаскелерде тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылды. Алайда шомылу маусымы басталғалы бері өңірде үш қайғылы оқиға тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Жамбыл Джабаев хабарлады.

Жамбыл Джабаевтың айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздік төтенше қызметтердің басым бағыттарының бірі болып қала береді, себебі қайғылы оқиғалардың көпшілігі судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайды.

ТЖД бастығының орынбасарының мәліметінше, облыс аумағында шомылуға ресми түрде рұқсат етілген 16 орын бар — 11 жағажай, үш демалыс базасы және екі балалар лагері.

Өкінішке қарай, 2025 жылғы шомылу маусымында Абай облысының су айдындарында 12 адам суға батып қаза тапты, оның ішінде төрт бала бар. Талдау көрсеткендей, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі өз мүмкіндігін асыра бағалау, алкогольдік мас күйде шомылу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру салдарынан болады, — деді Жамбыл Джабаев.

Оның айтуынша, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, халық көп жиналатын демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылған, құтқару қызметтерінің оқу-жаттығулары өткізілген, сондай-ақ тұрғындар мен оқушылар арасында алдын алу жұмыстары күшейтілген.

Алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін полиция және әскери бөліммен бірлесіп, жаппай демалыс орындары мен жоғары қауіп төнетін аумақтарда патрульдеу ұйымдастырылды. Барлығы 104 жеке құрам қызметкері жұмылдырылды, — деді ол.

Спикер биылғы жылы болған оқиғаларға да жеке тоқталды.

Шомылу маусымы басталғалы бері облыста үш қайғылы оқиға тіркелді. Соның бірі — 2011 жылы туған мектеп оқушысының қаза болуы. Оқиға 7 маусым күні Жаңасемей ауданындағы «Колхозное» көлінде тіркелген. Қайғылы жағдай шомылуға тыйым салынған жерде болған, — деді Жамбыл Джабаев.

Сондай-ақ ол шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін тоғыз әкімшілік хаттама толтырылғанын атап өтті.

Сөз соңында ТЖД бастығының орынбасары тұрғындар мен қонақтарды тек рұқсат етілген жерлерде шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.