• 20 апреля, 2024

Даниал Ахметов ШҚО тұрғындары атынан ерікті кәсіпкерлерге алғысын білдірді

Июл 12, 2021

ШҚО-да өткен жылы төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлеріне белсенді қолдау білдірген және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсеткен ерікті кәсіпкерлерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін Өскемен қаласының сол жағалауында орналасқан саябақта «Stop Covid — Мейірімді жүрек» атты кәсіпкерлерді марапаттау салтанатты шарасы өтті.

       Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жиналған қауымға жергілікті билік арнайы салтанатты іс-шара ұйымдастырып, өңір жұртшылығы атынан кәсіпкерлерге коронавирустық дағдарыс кезінде көрсеткен қолдауы және белсенділігі үшін ерекше ризашылық білдіріп жатқанын жеткізді.

       Сондай-ақ, аймақ басшысы өткен жыл еліміз үшін оңай болмағандығын, бірақ негізгі ауырлық медицина қызметкерлері және індет жұқтырған науқастарға түскендігін айтты. Пандемияның салдары миллиондаған отандастарына жұмыс беріп, экономикаға елеулі үлес қосып, ел бюджетін толықтыратын кәсіпкерлерді де айналып өтпеді. Сауда-логистикалық байланыстар үзіліп, жұмысшылар кетіп, клиенттер үйінен шыға алмады. Барлық шағын және орта бизнес өкілдері бұл кезеңде үлкен қиыншылықты басынан өткергенін атап өтті.

      «Еш қиындықтарға қарамастан, сіздердің еңселеріңіз түспеді. Бар күш-жігерлеріңізді жинап, мойымай алға ұмтылдыңыздар. Бір жыл бұрын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп белгілеген болатын. Пандемия шыңында біздің жергілікті кәсіпкерлеріміз ерлік көрсетіп, еріктілер қозғалысын басқарды. Сіздер бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылған күйде ақ халаттыларға қолдау болдыңыздар. Осындай азаматтардың бойындағы адами құндылықтар, елі мен халқына деген асқан патриотизм көпке үлгі-өнеге болмақ», — деді Д.Ахметов.

       Облыс әкімі өз сөзінде, шағын және орта бизнестің мемлекет дамуының негізгі бағыттарының біріне айналғандығын, қазірде негізгі тірегі болып табылатынын атап өтті.

     «Біз ел басына күн туған заманда азаматтарымыздың көрсеткен ерліктері үшін тиісті деңгейде марапат дайындап, алғысымызды білдіреміз»,  — деді өңір басшысы.

       Іс-шара соңында облыс әкімі Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлеріне  алғыс хаттар мен сыйлық түріндегі сертификаттарды табыс етті.