• 20 апреля, 2024

ХАСЕН МОЛДАБАЕВ: «Сұраған алады, іздеген табады».

Дек 27, 2019

Біздің қоғамды алға жылжытатын білімді, алғыр әрі парасатты жастардың қатары күн санап артып келеді. Туған жерінен түлеп ұшып, туған елі Семейге келіп еңбек етіп жатқан талантты жастың бірі «Қазақстан» РТРК» Семей қаласындағы филиалының директоры Хасен Советханұлы Молдабаев. Осыдан біраз ғана бұрын қала әкімі Ермак Сәлімов «Еліміздің Бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытқаны үшін» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хатпен марапаттаған еді. Биыл «Жастар жылы» болғандықтан да Абайша айтқанда айтқан әңгіме, өнегесі үлгі-насихат болу үшін Хасен Молдабаевпен сәті түскенде сұхбаттасып қалған едік. Соны оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.

— Құрметті Хасен Советханұлы, қызығы мен қиындығы мол журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға біраз жылға жуықтапты. Осы саланы таңдағаныңызға не себеп?

— Облыс оқырмандарын «Semei» телеарнасының тынысымен таныстырып, кеңінен сұхбат алуға ұсыныс жасағаныңызға үлкен рахмет. Журналистика жолын таңдағаныма қандай себеп болғанын дөп басып айту қиын екен. Бәлкім қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектеп және университет қабырғасында жүргенде мәдени шаралардың сценарилерін жазып, жүргізуші ретінде танылып, әдемі сөйлеп, ойды дұрыс жеткізуге тырысуым себеп болса керек. Сәл кейінге шегінетін болсақ, мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде екі бірдей мамандық бойынша білім алдым. Оқу орынның табалдырығын аттаған сәттен бастап, жұмыс істедім. Жергілікті телеарнадағы қызметімді университеттегі оқумен қатар алып жүрдім. Қалалық деңгейдегі арнадан жұмысты таңғы бағдарламадан бастап, кейіннен ток-шоу, бетпе-бет сияқты хабарларды жүргізіп, жаңалықтарға ауыстым. Жоғары оқу орынын бітіргеннен соң елордаға көшіп, «Эра» телеарнасында тілші әрі жаңалықтар жүргізушісі болып жұмыс істей бастадым. Сөйтіп қызметім ауысып отырды. Тек бұқаралық ақпарат құралдары саласында емес, мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда және басқа да мекемелерде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым.

— Қазір «Журналист атану үшін табақтай дипломың болуы шарт емес, тек жаза білу талантың болса жақсы» дейтіндердің пікірлері басым. Дипломсыз-ақ телеарнада, газетте өндіріп жұмыс істеп жүрген журналистер де бар. Сіздің осы мәселеге көзқарасыңызды білсек.

— Толық келісемін. Себебі журналист дипломы бар азаматтардың өзі журналистикаға келіп, телеоператор немесе басқа да қызметтерді атқарып жатса, кейбірі тіпті үйрене алмай басқа жұмысқа ауысып кететін кездері бар. Достарым мен таныстарымның қатарында тіпті суретші, экономист те қазір бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүр. Сондықтан осы салада қызмет істеу үшін құжат емес, ең әуелі дарын қажет деп есептеймін. Журналистикаға бейімделіп кету әр адамның өзіне байланысты.

— Телевидение — ұжымдық еңбек. Тек журналист ғана емес, режиссер де, телеоператор да, дыбыс режиссері де, бейнемонтаждаушы, бәрі-бәрі хабардың ойдағыдай шығуына атсалысады деп ойлайсыз ба?

— Әрине. Көрермен көгілдір экраннан тек жүргізушілерді ғана көреді. Ал оның артында қаншама қызмет істеп жүрген азаматтар бар. Көлік жүргізушісі, әрлеуші, сіз айтқандай режиссер, телеоператор және тағы да басқа мамандар бар. Ұжымдық еңбек екені рас және сол ұжымда береке мен бірлік болуы тиіс. Сонда ғана ұжым қандай да бір жетістікке жетеді. Ал ұжым ішінде кері тартатын мамандар болса әрине іс бітпейді. Сондықтан әр қызметкер компания үшін жанын беріп, жұмыс істеуі тиіс.

— «Semei» телеарнасына жетекшілік етіп отырсыз. Телеарна өңірдегі көрерменнің сұранысын қанағаттандыра алып отыр ма?

— Әлбетте, көрермен көңілін қанағаттандырып отырмыз деп есептейміз. Тек өңірдегі емес, себебі біз ID TV арқылы ел бойынша хабар таратып отырғанымызды айта кету керек, яғни бізді Алматы мен Нұрсұлтанға көшіп барған семейлік жерлестеріміз қарап тұрады екен. Туған жерін сағынғандықтан ара-тұра пікірлерінде білдіріп қояды. Тіпті бізді өңірден шетелге аттанып кеткен ағайындарымыз сайт арқылы онлайн түрде тамашалай алады. Жергілікті жерде болып жатқан жаңашылдықтар мен ауыс-түйістер әрине осы топырақтан жаралаған азаматтарды қызықтырады. Өзімде басқа қалада тұрғанда қала жаңалықтарынан хабардар болуға тырысатынмын. Күнделікті тікелей эфирге түсетін жүздеген сауалдар мен пікірлер сұрағыңызға берілген жауаптың дәлелі дер едім. Қай жерде жүрсек те хабарларға қатысты пікірлерін білдіріп жататын көзіқарақты көрермен бар екені қуантады. Жалпы біздің арна киелі шаңырақ. Арнамыздан түлеп ұшқан мамандардың қай-қайсысы болмасын жауапты қызметтерде. Бірқатары әлі күнге дейін осы салада республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп жүр. Олардың барлығы арнаның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан әріптестеріме алғысым шексіз және алдағы қызметтеріне жеміс тілеймін.

— Көрерменмен бөлісетін қандай жаңа жобаларыңыз бар?

— Осы күзде жаңа телемаусым басталғанын естіген боларсыз. Алдымен бағдарламалардың телевизия тілімен айтқанда «шапкілерін» ауыстырдық. Жаңадан «Қала тынысы» және «Пульс города», «Ғаламтор» және «Интернет», «Шұғыл қызмет» және «Экстренная служба», Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Менің Абайым» және «Ақындар антологиясы» деген хабарларды шығардық. Ал, ескі бағдарламаларымызға жаңашылдық қостық. Промо роликтер дайындап, жаңалықтар шықпас бұрын, ғаламтор және телеарна арқылы аңдатпа ұсынып отырамыз.

— Телеарна басшылығына келгелі 1 жыл өтіпті. Осы аралықта қандай жұмыстар істелді?

— Ең бастысы біз биылдан бастап цифрлық хабар таратуға көштік. Бұл біздің ең басты жетістігіміз. Неге десеңіз, 2016 жылы телеарна ұжымы жергілікті мультиплекске кіре алмай, бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алған. Биыл тыңғылықты жұмыстың арқасында бұл белесті бағындырдық. Сонымен қатар, ішкі жабдықтарымызды HD форматына көшіріп, техникамызды жаңартып жатырмыз. Өзіндік өніміміздің үлесін арттырдық. Берекелі ұжымның жауапты жұмысының арқасында еліміздегі 14 филиалдың ішінде алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 1-ші орынға шықтық. Мұнан бөлек, кеңседегі кішігірім жөндеу жұмыстары, яғни қысқа дайындық жүргізу сияқты сырт көзге көріне бермейтін жұмыстар баршылық.

— Еңбек жолыңызда үлгі тұтатын азаматтар бар ма?

— Ақсақалдарды үлгі тұтам. Осы қызметке келгенде қазақ журналистикасының корифейлері Нұртілеу Иманғалиұлы, Қайнар Олжай ағаларым келіп, баталарын беріп кетті. Семей қаласындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласының ардагерлері Мақсат Жарылғасин, Омарбек Байуақов, Тілеген Ахметов, Дүйсенбек Жақсыбаев, Риза Молдашева, Мұрат Алин, Лейла Оразбаева, Зульфия Қалиқызы сияқты ел сыйлайтын аға әпкелерім, құттықтап, тілектерін білдірді. Мекеме және ірі оқу орындарының басшылары, ел ағалары Адай Азаматұлы, Құсмілия Нұрқасым, Тұрсын Жұртбай, Қайрат Сабырбай, Ерсін Тұрсынханұлы, Баян Сағымбаева апайымыз келіп құттықтады. Сондықтан мен үшін асылдың сөзі, ақылдың көзі.

— Құрметті Хасен Советханұлы, биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Қазіргі қазақ жасының бойында қандай қасиеттер болғанын қалар едіңіз?

— Айта кету керек, жастар жылына байланысты телеарна жаңа «Elge kyzmet» хабарын шығарды. Мұндағы мақсат ел игілігі жолында қызмет істеп жүрген жастардың жұмыстарын көрсету. Ойымыз көңілден шықты. Жыл бойы әр түрлі саладан өнерлі, талантты жастар келіп, істеп жатқан жұмыстарымен бөлісті. Барлығы «сен тұр — мен айтайын!» Енді, жастар бойында әсіресе еңбекке құштарлық, ізденіс және белсенділік сияқты қасиеттерді көргім келеді. Ең бастысы масыл болмау керек, білсем, көрсем деп алдыға ұмтылғандары жөн.

— Сіздер жасөспірім болып, үлкен өмірге аяқ басқан кездегі өмір, өмір талабы мен қазіргі жастарға қойылатын талаптар арасында айырмашылық бар ма?

— Шыны керек, мен өзімді әлі де жаспын деп санаймын. Армансыз адам қанатсыз құсқа тең, сондықтан кейбір армандарым орындалды деп айта аламын, бірақ бір арманға жеткеннен кейін алдыңа басқа мақсат қоясың және сол жолда еңбек етесің. Армандарым ішімде, көп бөлісе бергенді ұнатпаймын. Арманнан бөлек сол арманға жету жолындағы нақты жсопарлар болу керек деп есептеймін. Жастар тақырыбына қайта ойыссақ, біздің студент кезіміздегі жағдайды қазіргі студенттердің жағдайымен салыстыруға келмейді. Көп нәрсе өзгеріп кетті. Менің ойымша жылдар өткен сайын жастарға берілетін мүмкіндік көп. Тек соны уақытында пайдаланып, қолда тұрған бақытты қолдан жіберіп алмаса болғаны. Қысқа қайыратын болсам, жас келсе іске!

— Қазақ атамыз «Қайран жиырма бес» деп жатады ғой. Адам жас кезінде қандай болуы керек. Қандай мәселелерді қамтып қалуы керек деп ойлайсыз? Бізде көбінесе әдебиет пен өнер, мәдениет саласында жүрген жастар марапатталып, үлгі тұтылып жатады. Ал кәсіпорын, зауыттар, қожалықтар мен шаруашылықтағы, ауыр еңбектегі жастар аталмай қалған жоқ па? Қалай ойлайсыз?

— Абайша айтқанда: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға». Ойымды тағы бір нақыл сөзбен жалғастырайын: «Еңбегің сайлы болса, ішің майлы болар». Сондықтан осы ұлағатты сөздерді назарға алып, барынша еңбек ету керек. Ең бастысы жастарда бос жүріс болмау қажет, яғни үнемі ізденіп, білім алып, қосымша семинар сияқты білімді жетілдіру және тіл үйрету курстарына қатысып, уақыттарын текке кетірмеу керек. Менің ойымша, жұмысшы, шаруа мамандығын таңдаған жастарға да қатысты шаралар өтіп жатыр. Тек сол шаралардың өтіп жатқаны туралы ақпаратты жас атаулы өзі іздеуі қажет немесе оларға жұмыс берушілер жеткізіп тұруы керек. Неге десеңіз «жастар форумы», «жастар кеңесі», «жастар фестивалі», «жастар кадрлық резерві» тағы да басқа ұранмен көптеген шаралар өткізіліп жатады. Бәлкім олардың насихаты шамалы болғандықтан сіз бен біз білмей, естімей жатқанда шығармыз. Сондықтан «сұраған алады, іздеген табады» деп өз ойымды қорытындылар едім.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова