• 20 апреля, 2024

Шығыс Қазақстанда «Аntikor ortalygy» ашылды

Дек 24, 2019

Бүгін Өскемен қаласында азаматтарға заңгерлік қызмет көрсетіп, құқықтарын қорғайтын сервистік орталық ашылды. Салтанатты шараға облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервистік қызмет көрсету орталығында азаматтар қажетті заңгерлік кеңес пен сауалдарына түбегейлі жауап алып, облыс басшыларының қабылдауына да жазыла алады.

Сыбайлас жемқорлық фактілеріне кезіккен бизнесмендермен де жұмыс жолға қойылатын болады. Орталықтың бірінші қабаты толықтай тұрғындарға қызмет көрсетуге арналған. Сондай-ақ кіре берісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы Ерлан Жалмағамбеттің голограмалық 3D бейнесі орнатылған. Лазерлі электронды бейне арнайы дыбыстық программа негізінде тұрғындарға жол сілтеп, керек маманға жолдайды.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары алға қойылған. Облыс еліміз бойынша алғашылардың бірі болып «Open space» форматына көшті. Сонымен қатар, жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істеуде. Оның барлығы қоғам мен мемлекет арасында кедергісіз байланыс орнатуға бағытталып отыр.

Шара барысында Алик Шпекбаев облыс активімен кездесу өткізіп, еліміздегі сыбайлас жемқорлықты алдын алу мен жою шараларына тоқталып өтті.

– Қоғам дамуын ілгерлетіп, халықтың тұрмысын жақсарта түсу үшін жемқорлықты түбегейлі жою қажет. Бүгін елімізде осы мақсаттарда қомақты істер атқарылып, арнайы жобалар қабылданып, түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Қазіргі таңда мектеп пен колледждердің оқыту бағдарламаларына да парасаттылық сағаттары енгізілген. Оның барлығы адам санасының ашықтығына бағытталып отыр, – деді агенттік төрағасы.

Жиын соңында Алик Шпекбаев жергілікті департаменттің бес қызметкеріне жаңа пәтер кілттерін табыстап, сыбайлас жемқорлықпен күресті насихаттап жүрген қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі