• 29 марта, 2024

Шырын Қауанова: Түркиядан келген инвесторларға аудармашы болдым

Дек 16, 2019

Шырын Қауанова Семейдегі талапты жастың бірі. Екі ел арасында білімін жетілдіріп, мемлекет аралық тарихи байланыстарды зерттеп, «Қaзaқстaн мeн Түркия Рeспубликaлaрының aрaсындaғы қaрым-қaтынaс: тaрихи aспeкт (1991-2015)» тақырыбында ғылыми диссертациялық еңбегін қорғапты. Зерттеу тақырыбына қатысты 10-ға жуық ғылыми мақалалары және тағы басқа жұмыстары қазақ, түрік тілдерінде халықаралық, республикалық басылымдарда жарық көрген.

Бүгінде Шәкәрім университетінде студенттерге дәріс беретін жас маман, Семей қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде арнайы жобалардың халықаралық, республикалық, қалалық деңгейде насихатталуына, жүзеге асырылуына белсенді түрде атсалысып келеді.

Шырын Әділқызы сондай-ақ, «JaSTAR» өнер-білім орталығының негізін қалаушы, атқарушы директор. Жастар жылы аясында ашылған өнер-білім алаңында 18 жас маман қызмет етуде, сондай-ақ, 200-ге жуық жас — әртүрлі бағыттар бойынша өз білімдерін жетілдіруде.

Жастардың мотиваторы бастаған IRC «ALL READ» интеллектуалды оқырмандар клубының құрамын 100-ден астам жас құрайды. Оқырмандар клубы — әлемнің ең үздік кітаптарын оқиды, ең үздік кинотуындыларын талқылайды.

— Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 1-інші курсында оқып жүргенімде «Философия және саясаттану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Арафат Мажитұлы шет елдерге «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы шығып, кез-келген мемлекетте білім алуымызға толыққанды мүмкіндігіміз бар екендігін жиі айтатын, — дейді шырын Қауанова, — сөйтіп Арафат Мамырбековпен жолығып, барлық талаптарды жан-жақты зерделеп, Түркияның Денизлі қаласындағы Памуккале университетіне жолым түсті. Екі рет алты ай көлемінде түрік тілінде нағыз майталман профессорлардан оқыдым. Сол білімімді міне, елімдегі өзім сияқты жастарға да болсын деп жанталаса еңбек етіп жатырмын.

Шырын Қауанова еңбек ететін «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесін жақында Өскеменде өткен «Рухани жаңғыру-мәңгілік елдің болашағы» атты фестивалінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өңірдегі «Үздік штаб» номинациясымен марапаттаған екен. Ал биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Талапты жас Шырын Қауанова тамыз айында қала әкімі Ермак Сәлімов пен Түркия елінен келген инвесторлар арасында өткен кездесудеаудармашы болып, тағы бір жаңа қырынан танылған. Талантты жасқа біз биік асулар мен жаңа жетістіктер тіледік!

Раушан Қабжанқызы