• 28 марта, 2024

Даниал Ахметов шығысқазақстандық студент жастармен кездесті

Ноя 30, 2019

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов Тұңғыш Президент күні қарсаңында Өскемен көпсалалы технология колледжінде облыстың студент жастарымен кездесіп, дәріс оқыды. Сонымен қатар облыс әкімі Өскемен көпсалалы технология колледжі негізінде құзіреттілік орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Дәрісті бір мезетте онлайн режимінде облыстың барлық колледж студенттері тыңдады.

— Еліміздің тұрақты дамуы, әлемге танылуы Елбасымыздың -Тұңғыш Президентіміздің көп жылғы қажырлы еңбегі, салиқалы саясатының жемісі. Елбасымыздың көрегендігінің нәтижесінде Қазақстан халқы береке-бірлікте, жүзден астам ұлт пен ұлыстар бір шаңырақтың астында бақытты өмір сүруде. Әр ұлттың мәдениетіне жоғары құрметпен қараймыз. Бүгінгі таңда халқымыз, жастарымыз өркениеті дамыған — тәуелсіз Қазақстанда өмір сүруде. Нұрсұлтан Әбішұлы талай ұлы бастамаларға ұйытқы болып, халықтың жоғары сеніміне ие, — деді Даниал Ахметов өз дәрісінде. Сондай-ақ, облыс әкімі Елбасының Қазақстан шекарасының бекем болуындағы жоғары ролін, әлемдік шиеліністерге қарамастан еліміздің саяси тұрақтылықта өмір сүруі – Тұңғыш Президентіміздің арқасы екенін атап өтті.

Сонымен қатар облыс әкімі Өскемен көпсалалы технология колледжі негізінде құзіреттілік орталығының ашылу салтанатына қатысты. Құзірет орталығы «KAZMINERALS»-тің арнайы қолдауымен ашылды. Онда таукен саласының мамандары оқытылатын болады.

– Ашылып отырған құзірет орталығы заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бұның барлығы білікті мамандарды дайындап, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға бағытталуда, — деді колледж директорының орынбасары Шынар Кекубаева.

Кездесу соңында Даниал Ахметов WorldSkills әлемдік және ұлттық чемпионаттарының жеңімпаздары мен тәлімгерлерін марапаттап, арнайы ақашалай сертификаттар табыс етті. WorldSkills чемпионатында екі жыл қатарынан біздің облыстың құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, көш бастап тұр. Шығысқазақстандық студенттер 45-ші WordSkills Kazan әлемдік чемпионатынан жүлдемен оралды. «Авиациялық жүйені пилотсыз басқару» режимі бойынша қазақстандықтар мехатроника бойынша «Medallion for Excellence» және «Вest of national» медальдарын иеленді. Даниал Ахметов студенттерді білім жолындағы жеңістерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Атап айтсақ, облыстағы үш алдыңғы қатарлы колледждің базасында WorldSkills стандартына сәйкес орталықтар құрылған. Онда білікті мамандар даярланады. Ағымдағы жылы облыстың 14 колледжіне 32 жаңа модификация кабинеті сатып алынды. Жетекші колледждер базасында WorldSkills стандарттары бойынша арнайы жабдықтармен жабдықталған құзыреттілік орталықтары құрылған.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі