• 19 апреля, 2024

Тәртіп сақшылары қарттарға құрмет көрсетті

1 қазан Халықаралық Қарттар күні. Ізгілік пен құрметке негізделген атаулы мерекеге құқық қорғаушылар да атсалысып, алдыңғы аға буынды құттықтап жатыр.

Тағдыр тауқыметін тартқан қамкөңіл жандарға құрмет көрсету мақсатында Семей қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Семей қаласындағы қарттар және мүгедектер үйіне барып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Қамкөңіл жандарға құрмет көрсетіп, қуаныш сыйлау үшін концерттік бағдарлама ұсынған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бұл күні өздерін басқа қырынан көрсетті. Полиция басқармасының жеке құрам сапында өнерін өмірімен серік еткен жандар қаншама. Қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, ән-күйді қатар алып жүрген тәртіп сақшылары орталықтағы қарттарға өнерлерін паш етті.

ШҚО ПД Семей қаласында орналасқан арнайы даярлық басқармасының бастығы полиция майоры Асқар Жүрсімбаев, Патрулдік полиция батальоны командирінің кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция аға лейтенанты Төлеуғалиев Дархан және ПБ кадр саясаты бөлімінің аға инспекторы полиция аға лейтенанты Салықов Дархан, Әуезов ПБ Ювеналдық полиция бөлінісінің инспекторлары Мадина Төлеутаева және Серікжан Толғанай «Туған жер», «Атамекен», «Қазақ елі» әндерін жоғары деңгейде орындап, қарттардың ықыласына бөленді. Тамылжыта орындалған әрбір ән мен күйге қарттар мен мүгедектер ризашылықтарын білдіріп, шапалақтарын аямады.

— Полиция қызметкерлерінің күшімен дайындалған концерттік бағдарлама қарттардың көңілінен шықты. Концерттік бағдарламаны дайындау кезінде осы қарттардың жастық шағында тыңдап өскен, олардың талғамына сай әндер таңдауға тырыстық. Бұған дейін де бірнеше рет осындай концерттік бағдарламамен келгенбіз. Осындай іс-шаралар әлі де жалғасын табады, — деді кадр саясаты бөлімінің бастығы полиция майоры Еркебұлан Жаркенов.

Осы орайда мекеменің музыкалық жетекшісі Бақыт Манасбекқызы полиция қызметкерлерінің қарттар мен мүгедектерге тарту еткен концерті мәнді де мазмұнды болғанын, концерттік бағдарлама қариялар көңілінен шығатындай, сол адамдардың талғамына сай музыкалық нөмірлермен қамтылғанын айтып, ризашылығын білдірді.